Мұндай қызмет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 177-бабында (алаяқтық) көзделген қылмыс белгілеріне жатады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде азаматтарды түрлі қаржы пирамидаларының айла-амалдарынан қорғау мақсатында (715-бап) кәсіпкерлік қызмет ретінде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуға тыйым салынады. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлімдейді.
Прокуратураның мәліметінше, азаматтар мен елорда тұрғындарын шектен тыс пайыздар мен бонустар төлейміз деп алдау арқылы олардың қаражаттарын тартатын қаржы пирамидалары жұмысы қайта жандана бастаған.
Әдетте, қаржы пирамидасында қызықтыратын жоғары кіріс ұзақ уақыт бойы жалғаса бермейді, ал пирамида міндеттемелерін барлық қатысушыларға толығымен төлеу мүмкін емес. Жаңа инвесторлардың қаражаты оған дейінгі қатысушыларға, жарнамаға және ұйымдастырушылардың табысын қамтамасыз етуге жұмсалады.
«Осындай жағдайлардың нәтижесінде жобаның банкротқа және соңғы инвесторлардың шығынға ұшырауы - заңдылық», делінген хабарламады..
Алайда, аталған мәселенің заңнамалық тұрғыда реттелгеніне қарамастан, қазіргі кезде қаржы пирамидаларын құру, олардың қызметін түрлендіру және жетілдіруде жаңа үрдістер байқалады.
Сергей Мавродий мен оның серіктестері құрған «МММ-2011: Мы Можем Многое!» халықаралық қаржы пирамидасы - осының айғағы. Бұл пирамиданың ерекшілігі - ресми тіркелген ұйымның және банкте бірыңғай шоттың болмауы. Барлық ақша аударылымдары қатысушылардың арасында тікелей жүзеге асырылады.
ТМД елдерінде оған қатысушылар саны шамамен 10-15 млн. адамды құрайды. Бұл ретте, Қазақстанда «МММ-2011» 20 басшысы (жүздік, мыңдық) анықталған, оның 6-ауы Алматы қаласында жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта «МММ-2011» жүйеге қатысушылардың барлығына төлемдерді тоқтатты, бұл іс жүзінде қаржы пирамидасының күйрегенін айғақтайды.
Бұл ретте, Алматы қаласының прокуратура органдары «МММ-2011» қатысушыларына қатысты қылмыстық іс қозғағандығын айта кеткен жөн..
«Қала тұрғындарын осы ақпарат арқылы қырағылық танытуға, күмәнді операцияларға қатыспауға шақырамыз. Қаржы пирамидасы бойынша өздеріңізге белгілі фактілер туралы қала прокуратурасына 8 (7172)712486 нөмірлі телефонға хабарлауларыңызды сұраймыз:», - дейді прокуратурадағылар.