Қаржы полициясы 6 айда 5 мың 125 қылмысты тіркеді

АСТАНА.  10 тамыз. ҚазАқпарат -2012 жылдың 1-тоқсанында қаржы полициясы органдарымен 5 125 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 1 107-і  - сыбайлас жемқорлық, 3572-сі - экономикалық қылмыстар.

Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековтың жетекшілігімен өткен  ведомствоның алқалы жиынында мәлім болды.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қаржы полициясы органдарымен тіркелген қылмыстар бойынша келтірілген залал мөлшері 70 млрд.теңгені құраған. Қазіргі таңда оның 29 млрд.теңгесі тергеу барысында қайтарылды. Алқалы жиында аумақтық аттестаттау комиссияларының отырыстарын өткізу мен дайындау тәртібі де талқыланды. Бүгінгі күні Жоғарғы аттестациялау комиссиясынан қаржы полициясының 68 басшысы, орталық аттестациялау комиссиясынан - орталық аппараттың және қаржы полициясының аумақтық департаменттерінің  508 қызметкерлері өткен.  Аттестация басталмас бұрын және оның нәтижесінде қаржы полициясы органдарының жоғарғы басшылық құрамы 85 пайызға және қаржы полициясының аумақтық бөлімшелерінің басшылық құрамының орта буыны 27 пайызға жаңартылды. Ендігі кезекте аумақтық аттестациялау комиссияларында  ведомствоның  2450 қатардағы қызметкерлері аттестациялаудан өтеді.

Қаржы полициясының төрағасы аумақтық бөлімшелерінің басшыларына аттестаттаушыларды сұхбаттасудан өткізу барысында шынайылық пен қатаңдылықты қамтамасыз етуді тапсырды.