Қаржы полициясы агенттігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әріптестік туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум бірлескен іс-шараларды іске асыруды, бизнестің дамуына кедергі болатын жүйелі мәселелер мен кедергілерді анықтауды, кәсіпкерлік субъектілердің қызметін заңсыз тексерулерге жол бермеуді көздейді.

Бұл мақсатта қаржы полициясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс кездесулерін өткізіп, бірлескен бағдарламалар әзірлеп, кеңес органдары мен жұмыс топтарын құратын болады.

Меморандум шеңберіндегі тиімді ынтымақтастық мақсатында Агенттік төрағасының орынбасары А.Боданов пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов Меморандумды жүзеге асырудың жоспарына қол қойды.

Р.Түсіпбеков «Агенттік 2012 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді оптимизациялау және бизнеске қысымды бәсеңдету бойынша жүйелі шаралар қабылдауда», - деп атап өтті.

Домалақ арыздар бойынша тексерулер жүргізу фактілері жойылды, кәсіпкерлерден жауап алу үшін шақыру және құжаттарды алу алдын ала тексерістен кейін ғана іске асырылады, азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарға араласуға, кәсіпкерлік қызметті тоқтатуға, жалпы қылмыстар бойынша және қылмыстық жауапкершілік басталатын табалдырық шектерінен аспаған жағдайларда тексерістер жүргізуге тыйым салынған.

Жалпы соңғы 2 жылда қабылданған шаралар қаржы полициясының бастамасымен уәкілетті органдар жүргізген кәсіпкерлерді тексерулер санын 5 есеге азайтуға мүмкіндік берді.

2011 жылы 1715 тексеріс жүргізілсе, 2012 жылы - 1009, 2013 жылы тексерістердің саны 340-қа дейін азайтылды.