Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.
«Біздің қызметімізде әлі де бірлескен талқылау мен шешуді қажет ететін проблемалы тұстар бар. Менің ойымша, аумақтарда жекелеген басым бағыттар бойынша жұмыс сәйкес деңгейде ұйымдастырылмаған», - деді Р. Түсіпбеков.
Сыбайлас жемқорлық, парақорлық және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты ұрлау фактілерін анықтау мен әшкерелеу бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған облыстық қаржы полициясы бөлімшелері сынға алынды.
Оған қоса, қарамағындағы аумақтарда көлеңкелі экономиканың төмендеуін қамтамасыз етпеген бірнеше қаржы полициясы департаменттерінің жетекшілеріне ескертулер жасалды.
Қорытындылай келе, ведомство басшысы аумақтық департаменттердің басшылығына Агенттіктің нұсқаулары мен ұсыныстарын ескере отырып, өз қызметтерін жетілдіру бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыстылықтың ұйымдасқан нысандарына қарсы тұру, мемлекеттік және салааралық бағдарламаларды, оның ішінде ЖИИДБ іске асыруға бөлінген қаражатты мақсатты жұмсауды жедел сүйемелдеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейін нақты төмендету басым бағыттар ретінде белгіленді.
Өз қатарларының тазалығын қамтамасыз ету бойынша Р. Түсіпбеков Агенттіктің Ішкі қауіпсіздік басқармасына қызметкерлердің арасындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ол жеке құрамнан заңнама мен қаржы полициясы қызметкерлерінің этика ережелерін қатаң сақтауды талап етті.
Сондай-ақ, Р. Түсіпбеков қаржы полициясы мен азаматтық қоғамның арасындағы қарым-қатынастарда оң өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде тұрғындар мен қоғамның қатысуы белсенді сипатқа ие болды.
Соған сәйкес, бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу қағидаларының шеңберінде 50-ден астам тұлға 4 млн. теңгеден астам сомаға көтермеленді.
Азаматтардың белсенді көмегінің арқасында 70-тен астам қылмыстық іс қозғалып, 40-тан астам лауазымды тұлға сотталды.
Агенттік төрағасы қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен кәсіпкерлер ассоциацияларымен сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы тұру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ширатуды тапсырды.