Қаржы полициясы академиясына қазақ батыры Р. Қошқарбаевтың есімін беру мәселесі әлі шешілмей келеді -Р. Халмұрадов

None
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қаржы полициясы академиясына қазақ батыры Р. Қошқарбаевтың есімін беру мәселесі әлі шешілмей келеді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Розақұл Халмұрадов осылай деді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екінші дүниежүзілік соғыста жан алысып, жан беріскен, Отан жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерліктері мәңгілік халық жадында сақталары сөзсіз. Уақыт өте келе сұрапыл соғыстың бізге беймәлім боп келген жайттары ашылып, қазақ батырларының саны бұрынғыдан да арта түсетініне күмән жоқ. Жалпы, қазақтан шыққан ҰОС батырларының қатарында кеңестік жүйе саясатының кесірінен кезінде ерлігі дұрыс бағаланбай, көпшілік арасында талай- тартыс тудырып келген асыл азаматтар көп. Солардың бірі, Ұлы Жеңістің жалауын алғаш желбіретіп, Рейхстагқа ту тіккен - Рақымжан Қошқарбаев», деді сауал барысына депутат.

Батыр дүниеден өткеннен кейін оған ҚР Президентінің жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілді. Бүгінгі күні Ақмола облысының Қосшы ауылындағы орта мектеп батыр есімімен аталады. «Дегенмен, Р. Қошқарбаевтың рухына тағзым ретінде бұндай дәлелдермен шектеліп қалуға да болмайды. Осы ретте, Қаржы полициясы академиясының ұжымы, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің және жұртшылықтың қолдауымен Р. Қошқарбаевтың есімін Қаржы полициясы академиясына беру туралы бастама көтерген еді, деді депутат. Алайда, Р. Халмұрадовтың айтуынша, аталған мәселе бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппай келеді.

«Р. Қошқарбаевтай ұлын ұрпаққа дәріптеу парыз. Ер есімін елге оралту да парыз. Сондықтан, Академияға батырдың есімін беруге тірелетін кедергілерді жойып, орынды бастаманы аяғына дейін атқару қажет», деді депутат.