11:51, 21 Наурыз 2009
Қаржы полициясы Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының бірқатар лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғады
АСТАНА. Наурыздың 21-і. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы «Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің К. есімді және басқа да бірқатар лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық істер қозғады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мәселен, «Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғасы басқа да әріптестерімен қызметтік өкілеттіктеріне қиянат жасай отырып, 2008 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік сатып алуларды заңсыз түрде өткізіп, «Қалалық №1-ші аурухана» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық мекемесі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен қымбаттатылған бағамен медициналық тауарларды сатып алуға нұсқау берген. Желтоқсанның 12-сі күні К. есімді азаматтың және мемлекеттік мекеменің басқа да лауазымды тұлғаларының заңсыз тапсырмаларын орындау мақсатында, аурухана басшылығы медициналық тауарларды жеткізіп беру үшін ЖШС-ның есеп айырысу шотына 10 миллион 227 мың 712 теңге көлемінде алдын ала төлем жасайды. Алайда, Астана қаласы бойынша Қаржы инспекциясының 2009 жылғы ақпанның 2-сіндегі бақылау актісіне сәйкес аталмыш ауруханаға медициналық тауарлар әлі де жеткізілмеген, ақша қайтарылмаған. Бұл факті бойынша қазір ҚР Қылмыстық кодексі 307 бабының 2 тармақшасына сәйкес (қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.