Қаржы полициясы: аттестация нәтижесінде 136 қызметкер жұмыстан босатылды

АСТАНА.  19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Аумақтық аттестация комиссиялары жұмысының нәтижесінде  қаржы полициясының қатарынан 136 қызметкер босатылды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте мәлім болды.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, аталған комиссияларды аттестаттаудан 2437 қызметкер өтуге тиіс болатын. Алайда, 16 қызметкер лауазымдарынан босату туралы өтініш жазып, бас тартты. 3-еуі әскери медициналық комиссияларға қарауға жіберілді, 26-сы уақытша еңбек қабілетсіздігіне, 20-сы қызметтік іссапарда болуына, 4-еуі кезекті еңбек демалысында, сондай-ақ тағы 4 қызметкер жүктілігіне байланысты аттестаттаудан өткен жоқ. Жалпы, бүгінде 2364 қызметкер аттестаттаумен қамтылды

Сонымен аттестаттаудан өткен 200 қызметкер өз қызметтеріне сәйкес болып шықты және кадрлық резервке енгізіліп, жоғары лауазымдарға тағайындалуға ұсынылды. 1725 қызметкер лауазымдарына сәйкес келеді деп танылды. Бұдан бөлек 179 қызметкер төмендетуге, 124 қызметкер басқа қызметтерге ауыстыруға ұсынылды. Ал тағы да 136 қызметкер қаржы полициясы органдарынан шығарылуы тиіс.

Атап айтқанда,  2364 қызметкердің 439 аттестаттаудан өте алмады.
Жұмыстан босатылғандардың қомақты бөлігі Алматыда және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаменттерінің үлесінде.