Қаржы полициясы: «Ауыз су» бағдарламасы аясында жасалған 73 қылмыстық іс анықталды, мемлекетке келтірілген шығын - 484,5 млн. теңге

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - «Ауыз су» бағдарламасы аясында жасалған 73 қылмыстық іс анықталды, мемлекетке келтірілген шығын 484,5 млн. теңгені құрайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Тұрғындарды қажетті мөлшердегі және кепілденген сападағы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыз су» бағдарламасы бойынша қаржы полициясы органдарымен 2010-2011 жылдары 73 қылмыстық іс қозғалды, мемлекетке 484,5 млн. теңге залал келтірілген», - деді М.Жұманбай.

Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 жылға бас бостандығынан айыруға Ордабасы ауданы Құрылыс бөлімінің бастығы А.Тоқсабаев және 1,6 жылға бас бостандығынан айыруға «Темірлан» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бұрынғы директоры М.Сәденов сотталды. «Сәденов «Ауыз су» бағдарламасы бойынша Ордабасы ауданының сумен жабдықтау жүйесіне жөндеу жүргізу кезінде «Салкын-2001» ЖШС-не 11,9 млн. теңгеге атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойған. Құрылыс актілеріне жалған мәліметтерді Тоқсабаев енгізген», - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкілдің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға Күршім аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Е.Молдаханов сотталды. Ол 2010 жылы Құйған ауылында су құбырлары мен құрылыстарын қайта құру жұмыстары бойынша жалған жұмыс актілеріне қол қойған. Соның нәтижесінде мемлекетке 44,8 млн. теңге залал келтірілген.