14:12, 29 Сәуір 2009
Қаржы полициясы биылғы жылдың үш айында заңсыз айналымнан 722 миллион теңгенің спирті мен алкогольдік өнімдерін алды ? М.Жұманбай
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алкогольдік өнімдер акцизделетін тауарлардың арасындағы ең көп тараған түрі.
Қаржы полициясының өкілдері ағымдағы жылдың үш айында заңсыз айналымнан 722 миллион теңгенің спирті мен алкогольдік өнімдерін алды. Бұл бағыттағы заңсыз әрекеттер өткен жылғыдан 83 пайызға көп болып отыр. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, аталмыш фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Ал қаржы полициясы органдары тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру шараларының барысында алкогольдік өнімдер шығаратын 2 астыртын зауыт пен 6 цех табылған. Олар бойынша да қылмыстық істер қозғалды. «Қазіргі таңда Алматыдағы компаниялардың бірінің директорының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қаралуда. Ол қаладағы бірқатар шенеуніктермен тіл табысып, өзінің саяжайында 2008 жылдың қыркүйек-қараша айларының аралығында «Реалма» сауда маркалы арағын қолдан жасаумен айналысқан. Оқиға орнын тексеру барысында арақтардың түрлі атаулары жапсырылған шөлмектер және спирт тектес 40 литр сұйықтық пен есепке алудың жалған маркалары табылды», - деді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, жасалған өнімдердің барлығы да жалға алынған арнайы қоймаға жасырылған және ол жерден шөлмектерге жапсырылған 72 мың дана жалған акциздік маркалар табылды. «Табылған алкогольдік өнімдердің құны 31,5 миллион теңгені құрап отыр. Қазір бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде», - деді М.Жұманбай.