Қаржы полициясы ҚР Жоғарғы сотының бірқатар судьяларына қатысты олардың сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғандығы туралы фактілерді жария етті

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) ҚР Жоғарғы сотының бірқатар судьяларына қатысты олардың сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғандығы туралы фактілерді жария етті.

Атап айтқанда, бұл туралы ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында бірқатар судьяларды ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметінен босату туралы мәселені қарау барысында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлімдеді.

«Қаржы полициясы агенттігі заң ережелері шеңберінде ҚР Бас прокурорының санкциясын ала отырып, ҚР Жоғарғы сотының бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты арнайы жедел шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау алқасының төрайымы Алмаз Тәшенованың және ҚР Жоғарғы сотының судьясы Сайлаубек Жәкішевтің әрекеттерінен сыбайлас жемқорлық қылмыс фактілері анықталды. Атап айтқанда, олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Фикален» АҚ мүддесі үшін мемлекетке 212 млн. теңге шығын келтіретін шешім шығарып, заңсыз сыйақылар алған. Жедел өңдеу материалдары бойынша Бас прокуратурамен судьялар Алмаз Тәшенова және Сайлаубек Жәкішевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек ҚР Жоғарғы сотының судьялары Бақытжан Жақыпов, Мәрзия Балтабай, Мақсат Әбілқайыр және Марклен Қамназаровтарға қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар анықталған. Олар бірнеше мәрте азаматтардың құқықтарын бұза отырып, жеке тұлғалардың пайдасы үшін шешім шығарғандығы, сот процесіне қатысушылармен және олардың өкілдерімен процесуалдан тыс байланыстарға барғандығы, тергеу органдарының жұмысына кедергі келтіргендігі, сондай-ақ жалған кәсіпкерліктің мүддесі үшін азаматтық істер бойынша сот шешімін шығарғандығы анықталды. Бұдан бөлек Қаржы полициясы ҚР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот қадағалау алқасы хатшысының орынбасары Т.Сәрсеновке қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол «Газ-Синегорье» ЖШС басшысынан соттың оңтайлы шешім шығаруы үшін 150 мың доллар пара талап еткен. Сәрсеновке айып тағылып, ол қамауға алынды. Сондықтан да «Сот жүйесі және судья мәртебесі туралы» Конституциялық заңда, судья этикасы туралы кодексте және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңда көрсетілген қылмыстық және құқық бұзушылықтар жібергені үшін аталған судьяларды қызметінен босату, өкілеттіктерінен айыру туралы Мемлекет басшысының атына ұсыныс жасалған болатын»,-деді Қ. Қожамжаров.