Қаржы полициясы қызметкерлері мемлекеттік тілден сайысқа түсті

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - ҚР Конституциясының негізінде Мемлекеттік тіл мәртебесін алған ана тіліміз - қазақ тілінің дәрежесін көтеріп, оны әрі қарай дамыту мақсатында Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)

жыл сайын Орталық аппарат пен аумақтық қаржы полициясы органдарының қызметкерлері арасында сайыс ұйымдастырып келеді. Ағымдағы жылы іріктеу кезеңі - Шымкент, Атырау, Петропавл, Алматы қалалары бойынша қаржы полициясы департаменттері базасында және Қаржы полициясы академиясында өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Қыркүйектің 11-і күні Қаржы полициясы академиясында Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша департаменттері және Қаржы полициясы академиясының білікті қызметкерлерінен жасақталған командалар кәсіби шеберлік, тапқырлық және бейнені сомдау бойынша жарысқа түсті. Сайысқа қатысушылар мен көрермендерді Қаржы полициясы академиясының бастығы, қаржы полициясының полковнигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов құттықтады.

Сайыс үш кезең бойынша өткізілді, бірінші кезең - Орталық аппарат әзірлеген қаржы полициясы органдары қызметінің заңнамалық базасын білуге арналған сұрақ-жауап сайысы. Екінші кезеңде әрбір қатысушы қаржы полициясы органдарына тән қандай да бір тергеу іс-әрекеті бойынша хаттамалар толтырды. Үшінші кезең - үй тапсырмасы, қылмысты және қолма қол ұстау, яғни қаржы полициясының іс жүзіндегі жұмысын көрсету болды.

Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Ақмола облысы бойынша департаменті, 2-орынды - Астана қаласы бойынша департаменті, 3-орынды - Қаржы полициясы академиясы, 4-орынды - Қарағанды облысы бойынша департаменті иеленді.

Жеке аталым бойынша «Ең тапқыр қызметкер» аталымында Қаржы полициясы академиясының докторанты, қаржы полициясының аға лейтенанты М.Бодықова, «Хаттаманы үздік әзірлеуші» аталымын Астана қаласы бойынша департаментінің инспекторы Н.Шотаев, «Бейнені үздік сомдаушы» аталымын Қарағанды облысы бойынша департаментінің тергеушісі, қаржы полициясының аға лейтенанты А.Қасымова жеңіп алды.