Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«2011 жылғы 3 айда қаржы полициясы органдарымен лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке арласуының 45 фактісі анықталды. Өткен жылдың осы кезеңінде осындай 25 факт әшкереленген еді. Сотқа осы санаттағы 14 қылмыстық іс жолданды, 2 адам сотталды. Бұндай фактілердің жартысына жуығын шенеуніктердің бизнесмендерден пара бопсалауы құрайды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі барысында лауазымды тұлғалардың тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу жағдайларының көпшілігі мемлекеттік органдармен жүргізілетін тексеріс кезінде орын алатындығы белгілі болған.
«Мәселен, Ақтөбе облысында санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің қалалық департаментінің бас маманы Шаңгереев 3 жылға бас бостандығын айырылды. Ол "ТрансОйлГазТрейд" ЖШС директорынан Қарғалы ауылындағы Геологтардың мәдениет үйін газбен қамтамасыз ету ғимаратын санитарлық-эпидемиологиялық қараудың оң актісін беру үшін 30 мың теңге пара алған», - деді ресми өкіл.