Қаржы полициясы органдары заңсыз айналымнан 250 тоннаға жуық этил спиртін алды

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы органдары заңсыз айналымнан 250 тоннаға жуық этил спиртін алды.

Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, этил спирті арақ-шарап өнімін қолдан жасаудағы басты компоненттерінің бірі болып отыр. Қаржы полициясымен заңсыз айналымнан алынған этил спиртінің мөлшері 248 мың литрді құрады», - деді ресим өкіл.

Мәселен, Қостанай облысында айыппұл төлеуге және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасына Дәуітов кесілді. Ол этил спиртін сақтау және сатумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысып, Лисаковск қаласында аталған өнімнің 8 мың литрін заңсыз сатқан. Оған қоса оның қоймасынан құны 85,7 млн. теңгені құрайтын этил спиртінің 68 мың литрі алынған.

«Оңтүстік Қазақстан облысында Маханбетов 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол тиісті лицензиясыз этил спиртін сақтау және сатумен заңсыз айналысқан, нәтижесінде 17,9 млн. теңге табыс тапқан», - деді М.Жұманбай.