Қаржы полициясы республика бойынша 41 астыртын казиноның қызметін әшкереледі

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы республика бойынша 41 астыртын казиноның қызметін әшкереледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифинг барысында ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Ірі көлемде табыс әкелетін бизнес болып заңсыз казиноның қызметі саналады. Қаржы полициясы органдары республика бойынша 41 астыртын казиноның қызметін әшкереледі», - дейді Мұрат Жұманбай. Мысалы, Алматы қаласында заңсыз электрондық казино қызметі анықталып, онда 47 ойын аппараты және 3 электрондық рулетка, оған қоса 1 млн.теңгеден астам ақшалай қаражат алынған. Аталған мекеменің қызметін ұйымдастырған Ларионовқа айыппұл салынды. Тоқтала кететін жайт, бұдан бұрын, Ларионов 2010 жылы заңсыз электрондық казино қызметін ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. 52 ойын аппараты және электрондық рулетка мен 240 мың теңге алынған еді.

«Сонымен қатар, Қарағанды қаласында «Тамаша» казиносының заңсыз қызметі тоқтатылды. Бұл мекеме ақшалай ұтыссыз жұмыс істейтін салонның атын бүркемеленіп жұмыс істеген. Мекеме 5 қабатты үйдің жертөлесінде жұмыс істеген. Казиноға тексерілген таныс клиенттер ғана кіргізілген. Қарау барысында 2 рулетка, 32 ойын автоматы және 4,1 мың АҚШ доллары, 590 мың теңге алынды. Казино иегері Юсупов айыппұл төлеуге сотталды. Ал Ақтөбе қаласында азамат Рогашков осындай қылмысы бойынша 1,5 млн.теңге сомасында айыппұл төлеуге кесілді. Ол 3,7 млн.теңге заңсыз табыс алған жасырын казино қызметін ұйымдастырған. Сонымен қатар, аталған қалада «Минари» кафесінің ғимаратында орналасқан казинодан 6 покер үстелі, 1 рулетка үстелі, 3 мыңға жуық ойын фишкалары алынды, ал табылған 10 мың АҚШ доллары және 2,3 млн.теңге мемлекет кірісіне өндірілді», - дейді ресми өкіл.