Бүгін апталық брифинг барысында Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БАҚ өкілдері осыдан бірер күндер бұрын Алматы қаласының Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен ҰҚК департаменті арасындағы айтарлықтай қызметтік қақтығыстар орын алғандығы жөнінде ақпарат тараған болатын. Бүгін бұл ақпаратты Қаржы полициясы теріске шығарды.
«Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен ҰҚК органдары арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, соның ішінде өз қатарындағы жемқорлықпен күрес бойынша әріптестік тиісті деңгейге қойылған. Бірқатар ортақ ведомствоаралық бұйрықтар мен жоспарлар қазіргі кезде жүзеге асырылуда. Біздің ведомстволар арасындағы қақтығыстар туралы айту орынсыз. Себебі, әрбір органның заңмен белгіленген міндеттері мен мақсаттары және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы анықталған тергелу реті бар», дейді М. Жұманбай.