Бұл туралы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков ведомствоның алқа отырысында айтты.
Оның сөзіне қарағанда, қаржы полициясы органдарының өндірісінде болған қылмыстық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда 36%-ға артқан, тергеу барысында қысқартылатын қылмыстық істердің саны 15%-ға төмендеген, қосымша тергеуге қайтарылған қылмыстық істердің саны ширекке азайды.
Сонымен қатар, қылмыстық істерді сотқа жолдау 1,5 есеге жоғарылап, барлық аяқталған істердің 80%-ын құрады.
«Негізінен оған қаржы полициясында сотқа дейінгі өндірісті жетілдіру бойынша қабылданған шаралар себеп болды. Барлық бөлімшелерде кезекші офицер лауазымы енгізілді, бекітілген жаңа құрылым полицейлік тергеу қағидасының барлық талаптарына сәйкес келеді», - деп атап өтті Р. Түсіпбеков.
Сондай-ақ, материалдар бойынша тексеріс жүргізу жеделдігі артқан. Егер бұрын арыздардың жартысы дерлік 2 айға дейін тексерілсе, бүгін олар бойынша тексеріс 3 тәулікке дейін ғана жүреді.
Қылмыстық іс жүргізудің жеңілдетілген тәртібі кеңінен қолданылуда. Жеңілдетілген тәртіппен аяқталған істердің саны 3 есе көбейді.