Қаржы полициясының жалған кәсіпкерлікпен күресі нәтижесінде бюджетке түсетін салықтар көбейді

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) агенттігінің жалған кәсіпкерлік пен жалған мәмілелер жасау фактілерін анықтауы 5 есе артқан.

Бұл туралы бүгін 2013 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша алқа отырысында ведомство басшысы Рашид Түсіпбеков мәлім етті, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметінен.

Оның берген мәліметінше, жалған мәмілелер жасау үстінде ұстау 3 есеге дейін көбейген. Нәтижесінде екінші деңгейлі банктерде қолма-қол ақшаға алмастырылған қаражаттың сомасы 605 млрд. теңгеден 511 млрд. теңгеге дейін немесе 16%-ғаазайған. Ал бұрын ақшаны қолма-қол ақшаға ауыстыру тұрақты түрде өсіп отырған.

Қаржы полициясының осы бағыттағы жұмысының жандануы сонымен қатар шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін салықтардың 27%-ға артуына өз әсерін тигізді.

«Сонымен қатар, жалған және қасақана банкроттық фактілері бойынша қылмыстарды ашу 3 есеге дейін өскен, бұл банкроттыққа түсетін кәсіпорындардың бюджет алдындағы қарызының 45%-ға немесе 32 млрд. теңгеден 17 млрд. теңгеге дейін төмендеуіне ықпал етті», - деп атап өтті Р. Түсіпбеков.

Сондай-ақ, бюджеттен қосымша құн салығын заңсыз кері қайтару қылмыстарын анықтау 2,5 есе көбейген. Бұл бюджеттен қайтарылатын сомалардың азаюына әкеліп соқты. Егер 2012 жылы кәсіпкерлерге бюджеттен 450 млрд. теңге қайтарылса, осы жылдың 6 айында ол 83 млрд.теңгені құраған.