***
"Егемен Қазақстан" газетінің жазуынша, Павлодар облысының орталығындағы Кардиохирургиялық орталыққа Қытайдың кардиохирург мамандары келді. Жергілікті кардиохирургтер профессор Цао Хуа және Фуджоу қаласы медицина университетінің профессоры Джанг Гуй Цанның қатысуымен болған жүрекке жасалған оталар барысында шеберлік сыныптарына қатысқан, ал қытайлық мамандар туа біткен және кішкентайларынан жүрек ақаулары бар 1 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға ота жасаған. Мақала "Цао Хуа және Джанг Гуй Цан 10 балаға ота жасады" деген тақырыппен беріліп отыр.
Басылымның жазуынша, бұған дейін «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның облыстағы күндері шеңберінде өңірге «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қадыр Омаров, «Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталық» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Пя бастаған 30-ға жуық кардиохирургтер келіп, жүрекке күрделі оталар жасаған еді. Сондай-ақ, білім беру семинарларын өткізіп, шеберлік сабақтарын жүргізді. Облыстық әкімдік пен Ұлттық медициналық холдинг арасында әріптестік туралы меморандумға қол да қойылды. Қазір облыста кардиологиялық кластерді құру бойынша бағдарлама әзірленуде. Озық технологиялардың тілін білетін өз мамандарымызды даярлау қажеттігі туды. Жергілікті кардиохирургтер Ресей, Беларусь, Израиль, Югославия елдерінде тәжірибелерін шыңдап, біліктіліктерін жетілдіріп келіпті. Олардың бесеуі - «Болашақ» бағдарламасының түлектері.
Қазіргі таңда Еуроаймақтағы қиюы қашқан көріністер, бірқатар ірі құрылымдары тақырға отырып, танауы қусырылған АҚШ, Канада сынды елдердегі кері кетушілік, таршылықтың тақымына қысылған Бразилия, Аргентина, Венесуэла тәрізді мемлекеттер жөніндегі жайсыз хабарлардан көз сүрініп, көңіл жабырқайды, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Танауы қусырылған кәрі құрлық" атты мақалада.
Басылымның атап өтуінше, Ұлыбританиядағы қордаланған мәселелерді шешуде үкімет дәрменсіздік танытып отыр. Әсіресе, мұндағы денсаулық сақтау саласының халі нашар. Бүгінде корольдіктегі көптеген ауруханалар мен емханалардағы маман тапшылығы, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің төмендігі саланың басты мәселесі болып тұр. Сондай-ақ, емдеу мекемелерінің алдында дәрігердің қабылдауын күтіп шаршаған науқастарда есеп жоқ. Мұндай ұзын-сонар кезек күту ел ішінде үйреншікті жағдайға айналған. Қазіргі таңда дертіне дауа іздеп сабылған 2 млн-ға жуық адам мемлекеттік ауруханалардың есігін күзетуде. Ал Біріккен корольдіктің аумағына түрлі себептермен уақытша келгендерге медициналық қызмет көрсету ісі сын көтермейді. Алда-жалда бұл елге бара қалып, кенеттен денсаулығыңыз сыр берер болса, дәрігерлік көмек алуыңыз оңайға түспейді. Сырттың адамдары ауыра қалса тек жедел жәрдем қызметіне ғана жүгінуге рұқсат бар. Мұның өзі де қолжетімді бола қоюы екіталай. Себебі, дәрігерлік жедел көмек беру қызметінің ахуалы ауыр. Бұл келеңсіздіктер ұлттық денсаулық сақтау саласына қаралатын қаражаттың көп мөлшерде қысқаруына байланысты әрбір бесінші жедел жәрдем қызметінің жабылуынан туындаған.
Сонымен қатар, мақала авторы Кипр, Грекия, Литва сынды елдердегі экономикалық ахуалға жан-жақты талқылау жасап, ондағы қиын жағдайлардың себеп-салдары туралы сөз қозғаған.
***
Суретші Жеңіс Кәкенұлы Нұрлыбаев Американың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық конкурста «Қала пейзажы» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, «Алтын қыран» медаліне ие болды. Бұл туралы "Айқын" газеті бүгінгі санында жазды.
Жеңістің айтуынша, АҚШ-та өткен халықаралық сайысқа сурет өнерінің «Пейзаж», «Фантастика», «Реализм», «Сюрреализм» тәрізді бірқатар жанрларында еңбек етіп жүрген кіл мықты, апайтөс суретшілер жиналыпты. Олардың арасында Америка мен Канаданың, Аргентина мен Колумбияның, Германия,Ұлыбритания және Францияның, сондай-ақ, Ресей, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Макао, Израиль мен Чехия, Қазақстан мен Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді көптеген елдердің суретшілері болыпты.
- Әлемнің жиырма сегізден астам елінен келген мүйізі қара¬ғайдай суретшілердің арасынан суырылып алға шығу адамға зор міндет жүктейтіні ақиқат. Сон¬дық¬тан мен ең алдымен, құдіреті күшті иеміз Жаратқанның де¬меуіне, одан соң өзімнің жылдар бойы жинаған тәжірибем мен күш-жігеріме сендім. Өйткені, адам өзінің қайрат-жігеріне сене білсе, алынбайтын қамал жоқ. Бұл - менің өмірлік кредом! Бір ерекшелігі, байқауды ұйымдас-тырушылар қала пейзаждарын салған суретшілерді іріктегенде жеке веб-сайтымдағы елордамыз - Астананың көріністерін, дәлірек айтқанда, Есіл өзеннің сол жағалауындағы әсем ғимараттардың күзгі кескін-келбетін таңдап алыпты. Бұл - біріншіден. Екіншіден, мен үшін және өнерсүйер қауым үшін жағымды жаңалық, ол - талабы күшті төрешілер байқаудың қорытындысы бойынша бірнеше жеңімпазға осы жылы сәуір айында Нью-Йоркте өтетін АртЕХРО көрмесіне қатысу мәртебесін берді. Менің бағыма осындай зор мүмкіндік бұйырды. Мұны әлем елдерінің тәуелсіз Қазақ еліне шынайы құрметі деп бағалаймын. Ал алдағы мақсатым - осынау әлемдік бас қосуда тағы да бір рет туған елімді төрткіл дүниеге таныстыру, - дейді Қазақстан Президенті стипендиясының екі мәрте иегері, қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлы.
Мақала "Құрлықты мойындатқан қылқалам" деген тақырыппен беріліп отыр.
Қалаулылар кешегі жиынында «сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша» ұлттық заңнаманы өзгертетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа ұзатты, деп жазады аталған басылым "Қаржы секторын не күтіп тұр?" атты мақалада.
"Бұл жобада Ұлттық банк қызметіндегі өзгерістер де қамтылып отыр, - деп түсіндірді Қайрат Келімбетов. - Жақында біз Үкіметпен бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Онда қазақстандықтардың теңгедегі депозиттері енді 10 миллион теңгеге дейін кепілдендірілетіндігі жария етілді. Бұрын бұл сома 5 миллионға дейінгіні құрағаны және теңгедегі ғана емес, долларлық депозиттер те кепілдендірілгені мәлім. Біз жаңа қадамға ұлттық валютадағы жинақтарды ынталандыру үшін барып отырмыз.
Ұлттық банк басшысы бұл ретте «әр банкке - 10 миллионнан келетіндігін» нақтылады. Яғни одан көп ақшаңыз болса, басқа банкте сақтағаныңыз жөн. «Біз арнайы есептедік: егер сіз барлық қазақстандық банктерде салым ашсаңыз, онда 300 миллион теңгеден астам қаржыңызға алаң болмауыңызға болады. Оның барлығының кез келген жағдайда қайтарылатындығына мемлекет кепілдік береді», - деді Қайрат Нематұлы.
Ұлттық банк төрағасының бағалауынша, қазақстандық банк секторының жағдайы жаман емес. Сондықтан Үкімет жетекші банктерді де «жетектеуді» тоқтатуға ұйғарған. «Өткен жылы мемлекет реструктуризация үдерісін бастан кешкен банктердің құрамынан шығу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» БТА банктің, Темір банктің, Альянс банктің акцияларын жеке инвесторларға сатты. Биылғы жылы «Қазкоммерцбанк» пен «БТА банктің» бірігуі аяқталады. Ал өткен жылы «Форте банк» аясында «Альянс банк» пен «Темір банк» бірікті. Бұлардың ақырғы интеграциясын жүзеге асыру, активтерді және міндеттемелерді алмасу үшін заңнамаға түзетулер енгізу қажет болатын. Ол бүгін заңдастырылып отыр» деді Қ.Келімбетов.
Оның мәліметінше, отандық банктердің «проблемалы кредиттерін» азайту бағытында жұмыс атқарылуда.
***
"Казахстанская правда" газетінің жазуынша, БАӘ компанияларының бірі Ақтауда суды тұщыландыратын зауыт салмақшы екен. 20 жылдан кейін зауыт толығымен Қазақстанның иелігіне өтетін көрінеді.
Қазір Ақтауда зауыт салуға жер бөлініп те қойған. Ол зауыт қалпына келтірілетін қуат көздері арқылы жұиыс ісьейтін болады.
Жобаның құны 85,5 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Зауыт құрылысын Біріккен араб әмірліктерінің «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясы жүргізеді. Басылымның атап өтуінше, жрба Кәсіпкерлер палатасының маңғыстаулық филиалв, Ақтау қалалық әкімдігі және шетелдік инвестор арасында қол қойылған үшжақты меморандум аясында іске асырылмақ.