Қаржы вице-министрі әлеуметтік төлем берешегі үшін шотты бұғаттаудың тәсілін жеңілдетуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Сенатта өткен дөңгелек үстелде салық төлеушіден әлеуметтік төлемді өндіріп алудың тәсілін салық берешегін өндіру тәсілімен біріздендіруді ұсынды.

Оның пайымынша, қазіргі жүйе азаматтардың уақыты мен жүйкесін босқа шығындап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салықты мәжбүрлеп өндіру туралы айтсақ, бізде 100 мыңға жуық борышкер бар. Біз олардың банк шоттарын да жауып тастап жатамыз. Өңірлерге жиі шығамыз, сонда қандай бастапқы мәселе көтеріледі? Әлеуметтік төлем аясында кешіктірілген 100 теңге үшін немесе 1 теңге үшін салық төлеушінің шотын жауып тастаймыз. Себебі заңнамада солай көзделген. Мысалы, салық берешегі 6 АЕК немесе 20 мың теңгеден асса ғана, біз оның шотын жаба аламыз. Ал әлеуметтік төлемдер бойынша 1 теңге кешіксе де, шотын жауып тастаймыз. Қазіргі таңда 300 мың сұрақ осы мәселе бойынша түсті. Соның 262 мыңы әлеуметтік төлемдер бойынша шоты жабылған салық төлеушілер», - деді ол.

Министрдің орынбасары қазір салық мекемелері әлеуметтік төлемдерді мәжбүрлеп өндірудің органы болып кеткенін айтады.

«Салық өндірудің тәсілі бір бөлек, әлеуметтік төлем өндіріп алудың тәсілі бір бөлек. Бұл мәселе бойынша ел ішінде жағымсыз көңіл күй басым. Көбі оны қасақана төлемей отырған жоқ. 1 теңгесі қалып қоюы мүмкін, басқа да мәселелері бар. Сол үшін шотты жауып тастап, ол адамдар бізге келеді. Сол бір теңге үшін 100 теңге комиссиясын төлейді. Одан кейін банкке жіберіп, шотын ашқызамыз. Оның бәрі көп уақыт алады, қаражат алады. Сондықтан біз бұл мәселеде унификация керек деп есептейміз. Салық берешегі үшін шотты бұғаттауда қандай тәсіл қолданылса, әлеуметтік төлемдерге де сондай тәсіл қолдану керек. Ол тура 6 АЕК мөлшерінде бола ма, 3 АЕК бола ма, соны қайта қарау керек. Бір теңге үшін шотын жауып тастау деген енді бұл тым артық. Қаншама уақыт кетеді?! Күнделікті осындай мәселемен облыстарға мыңнан астам келеді», - деді Ержан Біржанов.