Қаржылық дағдарыс қазақстандық әскердің жауынгерлік даярлық деңгейіне әсер еткен жоқ - генерал Г.Носоновский

АНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Қазіргі уақытта ҚР Конституциясы күніне арналған әскери парадты өткізу даярлығы толық көлемде жүргізілуде. Биылғы жылғы тамыздың 30-ындағы әскери парадқа қатысу үшін 2000-нан астам офицер, шарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер, мерзімді қызмет жауынгерлері және әскери оқу орындарының курсанттары тартылған. Ұтқыр техникалардың 120 бірлігі және 40 - авиация техникалары жұмылдырылған.

Парадқа даярлық жаттығулары күн сайын өткізіледі. Бүгін осындай жаттығулардың біріне ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылары №68665 әскери бөлімше аумағында орналастырылған далалық лагерге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырды, олар механикаландырылған колоннаның жаттығу сапын бақылады. Журналистерге парад бөлімшелеріне қатысатын жаңартылған жауынгерлік техникалар мен заманауи қару-жарақтар, оның ішінде - автомобиль техникалары, Т-72Б танкілері, БТР - 80А, Д-30 зеңбіректері және «Мста-Б» бронды транспортерлері, «Бұршақ» және «Құйын» дүркіндете ату реактивті жүйелері көрсетілді. Парадқа әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери техникалары - С-125, С-75, С-200 және С-300 зениттік-зымыран кешендері тартылатын болады.

Механикаландырылған колоннаның даярлығына жауапты ҚР Қорғаныс министрлігі Штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Геннадий Носоновскийдің мәлімдеуінше, «қазіргі уақытта барлық үш жасақтың - жаяу және механикаландырылған колонналардың, авиацияның қатысуымен осыншама кең ауқымды парад өткізуге кез келген мемлекет бара алмайды». Оның айтуынша, парадқа қатысушы барлық техника біздің еліміздің барлық аймақтарындағы Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қолданыстағы жауынгерлік үлгілерін көрсетеді. Осыған байланысты Г.Носоновский «Қаржылық дағдарыс қазақстандық әскердің жауынгерлік даярлық деңгейіне әсер еткен жоқ», - деп атап айтты. Ол сонымен қатар, республика Қарулы Күштерінің жауынгерлік даярлық деңгейлерін арттыру және жетілдіру мәселелері ҚР Президентінің - Жоғарғы Қолбасшының айрықша назарында екенін атап өтті.