Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерін іріктеуден өткізеді

НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқапарт – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтында ведомство құрамында жұмыс істеуге үміткерлерді іріктеу жүретіні туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік үміткерлерге мынадай талаптар қойып отыр:

«Құқықтану», «Экономика және аудит», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Ақпараттық технологиялар», «Математика» және STEM-нің басқа бағыттары бойынша жоғары білімі туралы диплом;

Жоғары деңгейлі интеллект (IQ);

Жасы 35-ке дейін;

Бұрын құқық қорғау және арнайы органдарда қызметтен өтпегендер, сондай-ақ елдің Қарулы Күштерінде келісімшарт бойынша қызмет етпегендер;

Беделінің мінсіздігі.

* Үздік диплом, олимпиадалардың, ұлттық және халықаралық конкурстардың жеңімпаздары іріктеу кезінде басымдылыққа ие;

Іріктеу 3 кезеңде өтеді:

1-кезең – онлайн-анкета толтыру және барлық қажетті құжаттарды жинақтау;

2-кезең – қабілеттіліктері мен дағдыларын бағалау (IQ деңгейін тексеру, эссе жазу, уәждемелі (мотивациялық) сөз сөйлеуді дайындау);

3-кезең – Орталық аппаратта онлай-сұхбаттасудан өту.

«Барлық кезеңдерден сәтті өткен азаматтар «ҚР ҚМА жас мамандары пулына»қабылданып, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында оқытудан өту үшін ұсынылады», -деп жазылған ресми сайтта.

Іріктеуден өткендер одан әрі Академияға қабылдау үшін ұсынылған үміткерлер ҚР заңнамасын білу бойынша ауызша емтихан тапсыруы тиіс.

Оқыту 5 ай бойы өткізіледі және экономикалық тергеп-тексеру қызметі органдарында 1 ай тағылымдамадан өтеді.

Қызметкерлердің ең төменгі жалақысы (лауазымдық жалақысы) 156 мың теңге болмақ.

«Бұл ретте құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақшалай үлесі лауазымдық жалақыдан, сондай-ақ арнаулы атағы үшін 38 225 теңгеден бастап қосымша ақылардан, қызмет өткерудің ерекше жағдайлары, сыныптық біліктілігі үшін үстемеақылардан және жалақының 10-нан бастап 50%-ға дейінгі мөлшерінде басқа да төлемдерден құралады. Сондай-ақ, Жұмыс нәтижелері үшін сыйақы төлеу жүйесі қарастырылған, сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, еңбек сіңірген жылдарына сәйкес 30 және одан артық күнтізбелік күн көлемінде демалыс беріледі», - деп жазады агенттік сайты.