Қаржыны көлеңкелі айналымға шығару үшін шетелдік фирмалар пайдаланылып жүр – Сенат депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Андрей Лукин Қазақстанда компания тіркеп, кейін оны түрлі қаржылық айла-шарғыларға пайдаланатын тәсіл бар екенін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың мәліметінше, шетелдіктер Қазақстанда өз компанияларын тіркегеннен кейін біздің елден кетіп қалады, алайда құрылған фирмаларды жалған шот-фактуралар жазу, салық төлеуден жалтару және қаржыны көлеңкелі айналымға шығару үшін пайдаланады.

«Бизнес-иммигранттардың визасыз 198 компаниясында 4 млрд теңге берешегі бар. 1,5 мыңнан астам компания тіркеу орнында жоқ және 2 мыңға жуық фирма жұмыс істемейді. Бұл толық дерек емес. Мемлекеттік кірістер органдары заңды тұлғаны құру кезінде заңнамалық бұзушылықтарға жол беруіне байланысты оны тарату жолымен талап қоюға құқылы. Заңды тұлғаны құрған шетелдіктің бизнес-иммигрант визасын алмауы осындай бұзушылықтың бірі болып табылады. Алайда, республикалық маңызы бар облыстар мен қалаларда белгіленген заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден өтуін тану шаралары жалпыға бірдей қолға алынбаған», - деді сенатор.

Сондай-ақ, ол халыққа қызмет көрсету орталықтары шетелдіктердің бизнес-иммигрант визасы болмаса да, заңды тұлғаны тіркеуден өткізе беретінін проблема етіп көтерді.

«Қалыптасқан жағдай шетелдік азаматтардың күмәнді заңды тұлға құруына ықпал етеді, олар кейіннен қаржысын көлеңкелі айналымға шығару схемаларында қолдануы әбден мүмкін. Осыған байланысты, бизнес-иммигранттарға салық салу және көші-қон мәселелері бойынша ведомстволық бақылауды күшейтуді, бүкіл ел бойынша бизнес-иммигранттардың тікелей қатысуымен салық төлемдері мен заңды қызмет жүргізу тұрғысында компаниялар мен фирмаларға аудиторлық тексерулер жүргізуді, сондай-ақ бизнес-иммигранттармен құқықтық қатынастарды реттеу тетігін жетілдіру жөнінде заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасауды ұсынамын», - деді депутат.