***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы Мәлімдемесінің толық мәтіні жарияланды.
Онда Елбасы 27 ақпанда еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғандығын, 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялағандығын мәлімдейді. «Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуіне қажетті жағдайды әрі қарай жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды жүктедім», - деп атап өткен Президент, сол тапсырмалардың негізгі төрт бағытына тоқталады.
«Құрметті қазақстандықтар! Кәсіпкерлікті, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту - «Қазақстан 2050» Стратегиясының ең басты міндеттерінің бірі. Менің Жарлығымды жүзеге асыру Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамытуға қажетті жағдайларды түбегейлі жақсартуды қамтамасыз етеді. Бұл - бизнес жүргізіп отырған әрбір қазақстандыққа нақты көмек. Кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағдайды ұдайы жақсартып отыру әрқашан да мемлекеттің басты назарында болады», - делінген аталмыш мәлімдемеде.
***
Елді елеңдеткен, «темір тұлпарлы» қазақстандықтарды алаңдатқан «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасы «қабылдаудың соңғы сатысына» шықты, деп жазады «Айқын» газеті.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысы толығымен осы жобаға арналған. Оның ішінде қызу талқыланғаны Жол полициясы қызметкерлерінің жүргізушілерді орынсыз тоқтатуды доғару жайы, жүргізушінің және оның жолаушысының көліктен шығуына тыйым салу мәселелері қызу талқыға түсті.
«Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң нұсқасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындапты.
Мәселен, ішкі істер органының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жүргізушінің және оның жолаушысының көліктен шығуына тыйым салынбақ. Осыған орай сенаторлар жүргізуші мен жолаушыға көлік кабинасын тастап кетуге жол полициясы қызметкерінің қандай жағдайларда рұқсат бере алатынын заңда нақты жазып көрсетуді ұсынады.», - делінген газеттің бүгінгі санында жарияланған «Жаза күшейіп, айыппұл артады» атты мақалада.
***
«Миллиардтаған қаржыны ұқсата алмаған, яғни, игере алмаған шенеуніктерді қызметтен қууы мүмкін. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Премьерге ұсындай ұсыныс айтты», - деп жазады «Түркістан» басылымы «Қаржыны ұқсата алмаған шенеуніктер жұмыстан қуылады» атты мақаласында.
Материал авторының айтуынша, түптің түбінде зардап шегетін - қаржыны игере алмаған шенеуніктер емес, қарапайым халық.
«Жылдағы бітпейтін дау: мемлекеттік бюджеттің игерілмей қалуы. Осының салдарынан халыққа ауадай қажет аурухана, емхана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың құрылысы бітпейді не мүлде басталмайды, жолдар жөнделмейді, ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс бағдарламалар қалады жарты жолда қаңтарылып... Зардап шегетін - қаржыны игере алмаған шенеуніктер емес, қарапайым халық».
***
«Самұрық-Қазына» АҚ белсенді түрде инвестиция салуды жоспарлауда, деп жазады «Казахстанская правда» басылымы.
«Фонд готовится к трансформации» атты мақалада Ұлттық әл-ауқат қоры үлкен өзгеріс алдында тұрғандығын хабарлайды. Оның ішінде шығындарды қысқарту, профильді емес активтерді қор меншігінен шығару, ірі инвестжобаларға қатысу, қордың әлеуметтік және инвестициялық саясатының толық трансформациялануы көзделуде. Осы мақсатта құрамына қор компанияларының басшылары мен топ-менеджер енген арнайы комиссия да құрылған. Ауқымды өзгерістерге алдымен ҚазМұнайГаз, ҚТЖ, Қазпошта және «ҚазМұнайГаз» Барлау, өндіру» компаниялары ұшырамақ.