Қаржының қайда және қандай мақсатпен жұмсалатыны айқындалды, ендігі нәтиже жүйелі іс-қимылға байланысты

None
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Дағдарыстың кесірінен экономиканың нақты секторында қордалана бастаған проблемаларды шешу үшін Ұлттық қорды басқару кеңесінің кезектен тыс отырысында «Самұрық-Қазына» қорына 4 млрд. доллар, «ҚазАгро» холдингіне 1 млрд. доллар бөлу жөнінде шешім қабылданды.
Бұл Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан бөлініп отырған 10 млрд. доллардың жартысы. Басқа жартысы, яғни 5 млрд. доллар былтыр «Самұрық-Қазына» қорын капиталдандыруға жұмсалған болатын. Кеңесті өткізген Мемлекет басшысы: «Шешім қабылданды, енді ақшаны экономикаға көмекке және оны нақты жандандыруға жөнелту қажет» деп қадап айтты. Расында да дағдарыстың теріс әсерлерін еңсеріп, одан тыңайып шығу үшін уақыт оздырмау қазіргі таңда біздің Үкімет үшін төтенше маңызды болып тұр. Алғаш әлем елдерінің қаржы саласын сан соқтырған бұл дағдарыс бұл күнде экономиканың нақты секторына ауыз салды. Дағдарыстың екінші толқынымен күресті Қазақстан Үкіметі былтыр күзде бастаған болатын. Шешімдер тез қабылданып жатқанымен, арада 2-3 ай өтсе де оларды шапшаң әрі жүйелі іске асыру барысы бәсең. Сондықтан да Мемлекет басшысының «уақытты босқа жіберіп алмау қажет» деген пікірі бүгінгі күні аса құнды болып тұр. Президенттің айтқан сөзі қамшы болды ма, Үкімет осы аптада бірқадау істің бетін қайырды. Атап айтқанда, бейсенбі күні экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыруға бағытталған бағдарлама аясында Үкімет пен еліміздегі ірі қаржы ұйымдары ? «Қазкоммерцбанк» және «Халық банкі» арасындағы бірталайға созылған келіссөздер аяқталды. Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовті және жоғарыдағы қаржы ұйымдарының басшыларын қабылдап, оның барысында «Қазкоммерцбанктің» және «Халық банкінің» әрқайсының депозиттеріне 1 млрд. доллардан (жиынтығы 2 млрд. доллар) орналастыру жөнінде түбегейлі шешім жасалды. Сөйтіп мемлекет атынан «Самұрық-Қазына» қоры аталмыш банктердің акционері атануға бір қадам жақындады. Айта кетейік, бұл қаржы Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында Ұлттық қордан қаржы секторын тұрақтандыруға бөлінген 4 млрд. доллардың бір парасы. Жоғарыдағы екі банкке бөлінген мемлекеттің ақшасы қаржы жүйесін тұрақтандыруға, банктердің төлем қабілетін арттыруға және экономиканың нақты секторындағы маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Келіссөздер кезінде Премьер-Министр бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалып, экономиканы жандандыруға бағытталуы тиістігіне айрықша назар аударды. Бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қойылатын бақылауды Үкімет өз мойнына алып отыр. «Самұрық-Қазына» банктерге қаржыны апта соңына дейін орналастырмақ. Ал мемлекет акционері болуы үшін Үкімет ұсыныс жасаған тағы екі қаржы ұйымы - «БТА» банкпен және «Альянс банкпен» келіссөздерді «Самұрық-Қазына» ақпан айының соңына дейін аяқтамақ. Сонымен қатар, бұл аптада шағын және орта бизнестің өн бойына қан жүгіртуді көздейтін маңызды шешімдер қабылданды. Сейсенбі күні Үкімет басшысының төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болды. Жиында шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға қатысатын екінші деңгейлі банктердің және қаржы ұйымдарының тізімі, сондай-ақ экономиканы тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен олардың әрқайсысына берілетін қаржының лимиттері мақұлданды. Осы жиынның алдында түске дейін болған Үкімет отырысында Қ. Келімбетов «Самұрық-Қазына» қоры шағын және орта бизнес субьектілерін кредиттеу үшін екінші деңгейлі банктерге ақпанның басында қаржы бөлінетінін айтты. Яғни, бұл кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржы алу үшін келесі айдан бастап банктерге өтініш жасауларына болады деген сөз. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына сәйкес, екінші деңгейлі банктер арқылы қайтарымды негізде шағын және орта бизнесті дамытуды қаржылай қолдауға 120 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Республикамыздағы шағын және орта бизнес субьектілерінің негізгі шоғыры Алматы мен Астанада орналасқандықтан, қаржының дені осы қалаларға бағытталмақ. Бұл мақсатта «Самұрық-Қазына» қоры Алматы және Астана қалаларының әкімдіктерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын. Құжат аясында Алматыдағы шағын және орта бизнес субьектілерін қаржыландыруға 50 млрд. теңгеден, ал Астанаға 30 млрд. теңгеден кем емес қаржы беру көзделіп отыр. Кәсіпкерлерге кредиттер жылдық ставкасы 14 пайыздан аспайтын мөлшермен беріледі. Осы тұста бұл ставканың тиімділігі жайлы әңгімелер айтылып жүргенін жеткізген жөн. Бұл мәселе Үкіметтің сейсенбідегі отырысында назардан тыс қалмады. Онда Статистика агентігінің төрайымы Анар Мешімбаева Қазақстанда қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі нөлге төмендеп келе жатқандықтан, екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнеске берілетін кредиттің ставкасын 5-7 пайызға дейін азайтқан дұрыс деген пікір білдірді. Оның сөзіне қарағанда, шағын және орта бизнеске берілетін ставкасы жоғары кредиттердің қызығын түптеп келгенде ірі және орта кәсіпкерліктер ғана көретін болады, ал шағын бизнес тасада қалып қояды. Өйткені соңғысына банктердің ұсынып отырған ставкасы ауырлау тиеді. Ал егер несиенің ставкасы 5-7 пайыз болса, онда банктерге түсетін қаражаттар шын мәнінде шағын және орта бизнес үшін жұмыс істеген болар еді. Жуырда өткен Ауылшаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысының өзі биыл Қазақстан үшін басты проблема инфляция емес, дефляция болатынын, яғни алдағы уақыттарда біз бағаның негізсіз өсуіне емес, керісінше оның құлдырауына куәгер болатынымызды айтып, соған байланысты еліміздің өнім өндірушілері осы мерзімде банкротқа ұшырамауы үшін қолдау көрсету қажеттігін алға тартқан. Бұл ең алдымен еліміздің іші нарығында әділетті бәсекелестік ережелерінің сақталуын қадағалау, екіншіден сыртқы нарықтан айрылып қалмау үшін қажет. Отандық өнім өндірушілердің қатарында шағын және орта бизнес субьектілер санының аз еместігін және бұл салада экономикалық жағынан белсенді халықтың едәуір бөлігі еңбектенетінін ескерсек, А. Мешімбаеваның ұсынысының жаны бар сияқты. Өйткені бұл ұсыныс дағдарыс кезінде аталмыш саланы серпінді дамытуға, сондай-ақ ертеңге мықты негіз қалауға, сонымен бір мезгілде қазір басты проблема болып отырған халықты жұмыспен қамтуды шешуге зор септігін тигізген болар еді. Халықты жұмыспен қамту демекші, Үкімет ішкі еңбек нарығын қорғау үшін биыл шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе азайтуды көздеп отыр. Бұл ретте шетелдерден төртінші санаттағы, яғни біліктілігі төмен жұмыс күшін тартуға мораторий енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл жайында дүйсенбідегі селекторлық кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты. Ал Алматы әкімі Ахметжан Есімовтың сөзіне қарағанда, мигранттар мәселесі қала үшін бұл күнде аса көкейкесті болып тұр. Оның дерегі бойынша, қазіргі таңда Алматыда 287 мың басқа қалалардың тұрғындары мен шетелдіктер өмір сүріп жатқан көрінеді. 287 мыңның 247 мыңы өз еліміздің азаматтары болса, 40 мыңы шетелдің азаматтары екен. 40 мыңның 13 мыңы алыс шет елдерден, 27 мыңы жақын шет елдерден келгендер. А. Есімов құрылыс көлемінің қысқарғанына байланысты былтыр мигранттардың көпшілігі жұмыстан босатылғанын айтты. Алайда, барлығы бірдей еліне қайтпаған. Ал қалада тіркелген қылмыстардың басым бөлігін, яғни 50 пайызын мигранттар жасап жатқан көрінеді. Осы орайда ол Қырғызстанмен арадағы келісімді ол елдің азаматтары Қазақстан аумағында 90 күнге дейін емес, 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алатынындай етіп өзгерту жөнінде ұсыныс білдірді. «Қазіргі жағдайда бұл мәселеге қайта оралған жөн. Бізге алдымен өз азаматтарымызды жұмыспен қамту қажет», деді А. Есімов өз сөзінде. Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов та әкімді қостады. Осы аптада Үкімет басшысы ағымдағы жағдайдағы кейбір түйткілді мәселелер туралы жеке көзқарасын білдірді. Мәселен, К. Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқасында Үкімет биылғы егіс науқаны кезеңінде Ұлттық қордан «ҚазАгро» холдингіне бөлінген 1 млрд. доллардың есебінен еліміздегі ауылшаруашылығы компанияларына қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді. Премьер-Министрдің айтуынша, ауылшаруашылық компаниялары Үкіметке өтініш жасап, банктердің тарапынан қаржыландырудың жеткіліксіздігінен егіс науқаны кезеңінде көмектесуді сұраған. Қазіргі экономикалық дағдарыстың ауанында еліміздің ішкі азық-түлік нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де төтенше маңызды болып тұрған тұста, аталмыш мәлімдеме қарапайым диқандар үшін жақсы жаңалық болғаны рас.