KASE-де мемлекеттік облигациялар саудасы 23%-ға өсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM - KASE қор биржасында мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі тоғыз айда 8,4 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға көп.

Фото: Kazinform\ЖИ

Қазақстан қор биржасының мәліметінше, KASE-де айналымдағы мемлекеттік борыштың номиналды құны 36,6 трлн теңге немесе 83,3 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 14,8%-ға, яғни 4,7 трлн теңгеге өсті.

Бастапқы нарықта мемлекеттік бағалы қағаздар саудасының көлемі 16,8%-ға артып, 6,1 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде Қаржы министрлігі жылдық мөлшерлемесі 13,88%-дан 19,18%-ға дейінгі 28 МЕКАМ шығарылымын орналастыру арқылы 5,6 трлн теңге тартты.

Тағы 576,2 млрд теңгені мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясындағы іс-шараларды қаржыландыру үшін 17 облыстың, Астана мен Шымкенттің әкімдіктері тартты. Үшінші тоқсанда мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру көлемі 2,6 трлн теңге болды. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 39,2%-ға көп.

Екінші нарықтағы белсенділік те айтарлықтай артты. Тоғыз айда сауда-саттық көлемі 44,3%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде МЕКАМ үлесі 74,7% немесе 1,6 трлн теңге болды. Ұлттық банктің ноталары 15,3% немесе 337,8 млрд теңгені құрады. Қазақстанның еурооблигацияларына сауда айналымының 5,2%-ы немесе 115,9 млрд теңгесі тиесілі болды.

Екінші нарықтағы мемлекеттік бағалы қағаздар айналымының 20,9%-ын резидент емес инвесторлар қамтамасыз етті. Инвесторлардың негізгі санаттары арасында ең үлкен үлес банктерге тиесілі болды — 48,3%. Өзге заңды тұлғалардың үлесі 29,2%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 18%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 3,2%, ал жеке тұлғалардың үлесі 1,3% болды.

Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік облигациялары J.P. Morgan дамушы нарықтар индексіне енгізілуі мүмкін екені хабарланды.