KASE цифрлық активтер операторы мәртебесін алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қор биржасы (KASE) цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтер сауда платформасының операторы ретінде ресми тіркелді, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Қазақстан қаржы қауымдастығы

Ұлттық банк KASE-ні цифрлық платформалар операторларының тізіліміне 001 тіркеу нөмірімен енгізді.

Биржаның баспасөз қызметінің мәліметінше, KASE осылайша Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының реттелетін инфрақұрылымының бір бөлігіне айналды.

KASE өкілдері тізілімге алғашқы нөмірмен енгізілу биржаның еліміздегі цифрлық қаржы активтері нарығының негізгі инфрақұрылымдық элементтерінің бірі екенін көрсететінін атап өтті.

– Бұл дәстүрлі биржалық тәжірибені жаңа технологиялық шешімдермен ұштастыра отырып, цифрлық активтердің ашық әрі қауіпсіз нарығын дамытудағы маңызды қадам, – деді KASE басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, енді биржа Қазақстанның реттелетін нарықтық инфрақұрылымы аясында цифрлық қаржы активтерін шығару, айналымға енгізу және саудалауды ұйымдастыра алады.

KASE мәліметінше, Ұлттық банктің тиісті тізілімдерді жүргізуі нарық құрылымының ашықтығын қамтамасыз етіп, реттелетін цифрлық инфрақұрылым қатысушыларын ресми түрде бекітеді.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк цифрлық актив операторларын лицензиялау тәртібін бекіткені хабарланған болатын.