Қашаған дауы бойынша келіссөз жүргізуді инвесторлар ұсынды – Әділет министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігі мемлекеттік мүлік құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Ерлан Мұсабаев Қашаған мұнай кенішінің төңірегіндегі құқықтық даудың барысына қатысты пікір білдірді.
«Қашаған кен орнына байланысты іс төңірегінде біз Экология және табиғи ресурстар министрлігіне заң тұрғысынан көмек көрсетеміз. Ол мәселе бойынша инвесторлар тарапынан мемлекетке келіссөз жүргізу туралы ұсыныс түсті. Сол келіссөздер қазір жүріп жатыр. Оның ағымдағы жағдайын, өкінішке қарай, құпия болғандықтан айта алмаймыз. Бірақ нәтижесі бойынша міндетті түрде баспасөз хабарлама таратамыз», - деді министрлік маманы ведомствоның баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол келіссөзге неше заңгер, қандай ұйымның мамандары тартылғанын да айтуға хақысы жоқ екенін айтты.
Еске салсақ, биыл жазда Қазақстан тарапы Қашаған кен орнын игеруші алпауыт компанияларға қойған талап сомасын 150 млрд доллардан 160 млрд долларға дейін ұлғайтқаны белгілі болған еді.