Қашаған дауы: Қазақстан үкіметі мұнай алпауыттарымен неге соттасып жатыр
Осыдан бірер күн бұрын Bloomberg басылымында Қашағандық инвесторлар Қазақстан үкіметін халықаралық сотқа беретіні жайлы ақпар жарияланды. Ондағы мәліметке сәйкес, Қашаған жобасына қатысушы мұнай компаниялары (North Caspian Operating Company) Қазақстан үкіметіне 2,3 триллион теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды даулау үшін халықаралық арбитражға жүгінгісі келетіні айтылған. Бұған дейін Қазақстан билігі NCOC-тан экологиялық талапты бұзғаны үшін 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл төлеуді сұраған еді. Үкіметтің уәжін қабылдамаған тарап сотқа жүгінді. Енді бұл іс апелляциялық сотта қаралатын болады.
Жалпы мұның бәрі неден басталды, Қазақстан үкіметі Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарын игеретін шетелдік компанияларды неліктен сотқа берді, ол компаниялар не үшін дауласып отыр? Осы және бұл дауға қатысты сарапшылардың көзқарасы жайлы материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығарақ Kazinform сарапшысының материалында.
Қазақстан үкіметі шетелдік мұнай компанияларын не үшін сотқа берді?
Биылғы көктемде Қазақстан үкіметі елдің батысында мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V. және Karachaganak Petroleum Operating BV операторларын халықаралық сотқа берді. Бұл екі компания біздің нарыққа еліміз тәуелсіздік алған тұста кірген еді. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды тендер тәртібін бұзды, Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындаған жоқ деп айыптады. Bloomberg агенттігі 5 сәуірде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.
2023 жылдың сәуірінде ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының операторларына қарсы сотқа шағымдану туралы ақпаратты растады.
«Шынында да, Үкіметтің уәкілетті органы – PSA компаниясы Қарашығанақ және Қашаған компанияларына қарсы халықаралық арбитражға шағым түсірді», - деді Алмасадам Сатқалиев Үкімет отырысында журналистердің сауалдарына жауап бере отырып.
Энергетика министрлігінің басшысы бұл шағымдар Қазақстан халқының мүддесін қорғау мақсатында түсірілгенін атап өтті. Ол сонымен қоса біз жоғарыда атап өткен талап-шағымның сомасын да нақтылап өтті.
«Сомалар 3,5 млрд долларды және 13 млрд долларды құрайды», - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев.
Мұнай консорциумдары, ел билігінің пікірінше, экономиканы көбірек кіріспен қамтамасыз етуі тиіс.
Еске сала кетейік, NCOC акционерлері қатарында ұлттық компания ҚазМұнайГаз, Eni, Shell, ExxonMobil, Total, CNPC және Inpex компаниялары бар.
Үкімет Қашаған кен орнын игеруші операторға қандай айып тағып отыр?
Ал наурыздың аяғында Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, ел үкіметі Қашаған кен орнын игеруші операторды сотқа арыз беріп, компаниядан қоршаған ортаны ластағаны үшін 5,1 млрд доллар (2,3 трлн теңге) талап етті.
Министрлік бұл ақпаратты растап, өтінішке Қашаған кен орнында белгіленген нормадан жоғары күкірт көлемінің көп мөлшерде сақталуы фактісі себеп болғанын атап өтті. Ведомстводағылар айыппұлдың нақты мөлшерін сот анықтау керек деп түсіндірді. NCOC департаменттің шешімімен келіскен жоқ. NCOC басқарушы директоры Оливье Лазар Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің талап-арызына түсініктеме беріп, компания өз жұмысында қатаң экологиялық стандарттарды ұстанатынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта мен бұл туралы әлі ештеңе айта алмаймын. Дегенмен біз өз жұмысымызда экологиялық талаптарды қатаң ұстанамыз. Бүгінде бізде Экология министрлігімен келіспеушіліктер бар. Алайда, біз өзіміздің атқарып жатқан жұмыстарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз», - деді Оливье Лазар.
Ал биыл жазда сол кездегі Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова 2022 жылы жоспарлы түрде мұнай компанияларына тексеру жүргізгенін атап өтті. Тексеру барысында аталған ведомство бірқатар заң талаптары бұзылғанын анықтаған. Экс-министрдің айтуынша, компаниялар бұл фактілерді мойындамай отыр.
«Біз өткен жылы жоспарлы түрде тексеру жұмыстарын жүргізген едік. Тексеріс кезінде бірқатар бұзушылықтың орын алғаны белгілі болды. Сөйтіп, біз бәрін рәсімдедік, алайда компания біз тіркеген сәттермен келіскен жоқ. Компания заң талаптарына сәйкес жоғары тұрған органға, министрлікке шағымданды. Біз сонда да департаментті қолдадық, өйткені біздің ойымызша, заңнама бұзу фактісі болған. Компания үшін келесі қадам – уәкілетті органның шешіміне сотқа шағымдану. Сондықтан біз халықаралық сотта емес, Астананың мамандандырылған сотында тұрмыз. Қазір тыңдаулар жүріп жатыр»,-деген еді министр.
Зүлфия Сүлейменованың сөзінше, министрліктің назарын аударған ең үлкен мәселелердің бірі – күкіртті шамадан тыс шығару. Бірақ Қашаған операторы мұнымен келіспей отыр.
«Жалпы NCOC бойынша қателеспесем, 10 тармақ бойынша теңізде, құрлықта белгілі бір бұзушылықтар бар»,-деп толықтырған еді сол кездегі Экология министрі.
Тексеру барысында экологиялық заңнаманы бұзған фактілер жайлы мына жерден толығырақ оқи аласыз.
Ал кейіннен биылғы маусымда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қашаған кен орнының операторы NCOC компаниясының Атырау облысы бойынша экология департаментіне қарсы шағымын ішінара қанағаттандырғаны белгілі болды. Сот министрлік шешімін заңсыз деп танып, 10 бұзушылықтың 3-ін жою туралы бұйрықтың күшін жойды.
Экологиялық талаптарды орындамағаны үшін Қазақстанның шетелдік мұнай компанияларын сотқа беруі әлеуметтік желілерде де біраз талқыланды, Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Facebook парақшасында пікір білдіріп, бұл ұлттық мүддені қорғау үшін жасалып жатқанын көрсетеді деп атап өтті.
«Экология министрлігі Қазақстандағы сотқа сол Қашаған операторын еліміздің экологиялық нормаларын өрескел бұзғаны үшін 2,3 трлн немесе 5,1 млрд долларға сотқа беріп жатыр. Бұл үкіметтің біздің ұлттық мүддені қорғау саласындағы нақты жұмысқа кіріскенін көрсетеді. Әрине, бұл бағытта жұмыс көп. Сонымен бірге басқа да, біздің еліміздегі 30 жыл бұрын жасалған келісімшарттардың көбіне ревизия жасау керек тәрізді. Олардың барлығын қоғамға ашу керек. Сол кезде еліміздің, халқымыздың әлеуметтік деңгейін көтеруге жаңа ресурстар пайда болады»,-деді Саиров.
Еске салайық, осыдан 2 жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің басындағы шетелдік корпорациялармен жасалған көптеген келісімшарттар бүгінгі күннің үрдісіне сәйкес келмейді» деп атап өткен болатын. Мәжіліс депутатының айтуынша, «енді Қазақстан үкіметі, оның ішінде Экология министрлігі қазір Қашаған мұнай операторын Женевада сотқа беріп жатыр, яғни Қазақстанның мүддесіне 13 млрд теңгені өндіріп алмақшы».
Сарапшылар не дейді?
Жалпы бұған дейін осы мәселеге қатысты саладан хабары бар сарапшы-мамандар Қашаған мұнай кенішінің артында тұрған мұнай компаниялары халықаралық арбитражға жүгінуі мүмкін екенін айтқан еді.
Енді міне, күні кеше Bloomberg басылымы анонимді дереккөздерге сілтеме жасап, халықаралық серіктестер – NCOC, соның ішінде Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE 5,1 млрд доллар көлеміндегі айыппұл бойынша үкіметпен келіссөз жүргізгісі келетінін, ал ол нәтиже бермеген жағдайда халықаралық арбитражға жүгінетіні жайлы материал жариялады.
Экономист Арман Байғанов Қазақстанның өз мүддесін қорғауға ұмтылуы жақсы дүние екенін, қазіргі жағдай алғаш тәуелсіздік алған жылдарға қарағанда біраз өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан өз позициясын қорғауы тиіс.
«Бұл компаниялар елімізге тәуелсіздік алған тұста келді, ол кездері Қазақстанға инвесторлар аса керек болды әрі басты мақсат экономиканы аяққа тұрғызу еді. Сол себепті бұл компанияларға жақсы преференциялар берілді. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгеретіні белгілі. Инвестициялық климат мәселесі де өте өзекті болды. Ал жер қойнауын пайдалану экологиялық тұрғыдан зиянды өндіріс болып саналады. Біз Киото келісімінің хаттамасына қол қойдық. Сондықтан Қазақстанның өз мүддесін қорғағаны дұрыс деп есептеймін», - дейді экономист Арман Байғанов.
Десе де, спикердің сөзінше, мұның екінші жағы да бар екенін ұмытпаған жөн. Бұл Қазақтстанның инвестициялық имиджіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан да көп нәрсе заңгерлердің қолында екенін айтты.
«Менің ойымша, егер заң бұзушылықтар болса, Қазақстан өз тарапын қорғағаны жақсы. Дегенмен Қазақстанда, әсіресе халықаралық соттар болса, бұл болашақта инвесторларды қорқытуы әбден мүмкін. Демек, бұл мәселелердің де Қазақстан үшін имидждік сипаты бар. Ал қазіргі кезде бәрі заңгерлеріміздің қолында. Оның үстіне соттар да үлкен шығын екенін ұмытпау керек. Менің ойымша, бізде мүмкіндік бар. Оған қоса, Қазақстан тарапының келіссөз жүргізбеуінің өзі біздің үкіметтің қайсарлығын аңғартады, яғни өзінің себептері бар деген сөз. Қалай болғанда да, Қазақстанның өз мүддесін қорғауы дұрыс, халықаралық инвесторлар қоршаған ортаны қорғауға қатысты біздің заңдар мен ережелерді сақтауы тиіс»,-деп түсіндірді сарапшы.
Бұған дейін Қазақстанның Қашаған жобасына қатысушы мұнай компанияларын сотқа беруіне Қашаған кен орнында белгіленген нормадан жоғары күкірт көлемінің көп мөлшерде сақталуы фактісі себеп болғанын атап өттік. Белгілі эколог маман, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Айжан Сқақова мұнай-газ кен орындарындағы күкіртті сақтау мәселесі осыдан 10 жыл бұрын Теңізде жиналған күкірт көлемі шектен асып кеткенде көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, содан кейін «Теңізшевройл» (ТШО) күкіртті сақтауды ғана емес, күкірт карталарын (күкірт блогын уақытша орналастыру және сақтау үшін арнайы дайындалған орындар – ред) жою мәселесін шешуге кіріскен.
«Осыдан кейін үкімет, ТШО және экологтармен бірлесіп, жалпы күкіртті кәдеге жарату жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Біз күкірт қоймасы, оның қалай жасалу керегі туралы сөз қозғадық. Ұлттық күкірт сақтау орталығын құру жайлы да сөз болды. Содан соң күкіртті ауыл шаруашылығында тыңайтқыштар үшін айтарлықтай тиімді пайдалануға болатыны айтылды. ТШО-да күкіртті алауларды жағуға пайдаланды, содан кейін жер қойнауын пайдалану туралы заңға өзгертулер енгізілді, онда бұған тыйым салынды, осыған байланысты олар мұнай өндіруді арттыру және күкірт мәселесін шешу үшін шикі газды қабаттарға қайта айдау нұсқасын қарастырды. Ол кезде бұл мәселе көп талқыланып, көптеген сарапшы бұған күмәнмен қарады. Соған қарамастан, күкірт жинала берді. Ал бұл мәселеге ерте ме, кеш пе, қайта оралатынымыз анық еді»,-деді сарапшы.
Экологтың пікірінше, қазақстандық күкірттің құрамында зиянды заттар мен қоспалар көп. Сондай-ақ қауіпті меркаптан (сұйық, улы және тез тұтанатын заттар – ред.) бар.
«Қазақстандық күкіртті ашық аспан астында күкірт алаңдарында сақтау мүмкін емес екені белгілі болды. Күкірттің әсері, әсіресе ашық ауада сақталған кезде қауіпті екенін түсіну керек. Күннің, жауын-шашынның, желдің әсерінен, әрине, бұлай сақтау қауіпті болды. Алайда ол кезде күкіртті сақтау шарттарын реттеу үшін нормативтік база болмағандықтан, тиімді технологияны таба алмадық. Ол кезде ТШО ғана бар еді, Қашаған әлі іске қосылған жоқ. Бірақ тағы да айту керек, бұл мәселе болашақта өндірістің кеңейе түсуіне байланысты туындайтыны белгілі еді»,-деп атап өтті спикер.
Кейіннен, оның сөзінше, Қашағанда күкірт өндірісі ақыры қолға алынып, компания енді күкірт жабық жерде сақталмайды деп мәлімдеген болатын. Содан бері 10 жылдай уақыт өтіпті.
«Қашағанда үнемдеу технологиялары енгізілді, күкірт енді ашық аспан астында сақталмайды. Алайда бұл дауда біз олардың көлемі осы қоймадан асып кеткені әрі күкіртті кәдеге жаратуды кешіктіргені жөнінде айтып отырмыз», - деп түсіндірді Айгүл Сқақова.
Сонымен қоса спикер қазір елімізде барлық халықаралық қағидатқа сәйкес келетін жаңа экологиялық кодекс бар екенін, сондықтан да Қазақстан осы заң аясында өзінің құқығын қорғауы тиіс екенін айтты.
«Жалпы біздің құқығымыз Қазақстан үкіметі тарапынан қорғалғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұған дейін жасалған келісімшарттарда күкірт қалдық ретінде ескеріліп, Қазақстан оны кәдеге жаратуды өз есебінен шешуі тиіс болатын. Бізде қазір барлық халықаралық қағидатқа сәйкес келетін жаңа экологиялық кодекс қабылданды. Сондай-ақ онда «ластаушы төлейді» деген қағида бар. Сондықтан да үкіметтің біздегі қазіргі заңнамалық базаға сүйеніп, жер қойнауын пайдаланушылардан өздері жұмыс істейтін елдің заңнамасының барлық шарты мен нормасы – ең алдымен қауіпсіздікке қатысты ережелерді сақтауын талап етуге негіз бар деп ойлаймын. Ал экологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің негізі»,-деді эколог.
Бұдан бөлек сарапшы компанияда күкіртке қатысты оқиғадан басқа да бірқатар заң бұзушылық бар екенін атап өтті.
«Жалпы Атырау экология департаментінің жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шағымына келсек, бұл жерде мәселе тек күкірт проблемасымен шектелмейді. Сондықтан да жаңа талаптардың немесе табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының әділ орындалуының уақыты жеткен секілді. Сондықтан бұрын айыппұл төлеп, құтылған болса, қазір оңайлықпен бұл мәселелерден құтылмайды. Сол себепті әрине мұнда экологиялық тәуекелдер көп, бізде әлі жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істейтін болады, өйткені экономикамыз шикізатқа негізделген. Сондықтан мұндай сұрақтар әлі де көп болмақ»,-деді экс-депутат.
Спикердің сөзінше, оның зиян екенін дәлелдеу оңай болмайды. Алайда Қазақстан өз позициясын заң аясында қорғауы тиіс.
Еске салайық, Қазақстан үкіметі тарапынан жасалған шағымдар Қашаған бойынша 2010 жылдан 2018 жылға дейінгі және Қарашығанақ бойынша 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Істерде компаниялардың екі жобада да тендерлік рәсімдерді бұзғаны, сондай-ақ Қашағандағы мердігерлердің жұмысын толық көлемде орындамағаны туралы айыптаулар бар. Сондай-ақ ел үкіметі Қашаған кен орнын игеруші операторды сотқа беріп, компаниядан қоршаған ортаны ластағаны үшін 5,1 млрд доллар талап етіп отыр. Әзірге жағдай – осындай. Бұл даудың кімнің пайдасына шешілетінін уақыт көрсетеді. Десе де, сарапшылар Қазақстанның өз позициясын қорғауы дұрыс екенін айтып отыр...