Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Солтүстік Каспий (Қашаған) жобасы бойынша елішілік құндылықты дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мәселесін қарап жатыр.
− Қашаған кен орны іске қосылған сәттен бастап, 115 миллион тоннадан астам экспорттық мұнай, 70 миллиард текше метрден астам газ және 10 миллион тоннадан астам күкірт өндірілді, - деді Джанкарло Рую Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда ауқымды жұмыстар атқарылды.
– Біз өте маңызды жабдықты ауыстырдық. Жалпы, кен орнындағы жұмыс қауіпсіз жүріп жатыр, ешқандай ауыр жарақаттар мен оқыс оқиғалар тіркелген жоқ. Түрлі формадағы жергілікті қамтуға – тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге шамамен 18 миллиард доллар бағыттадық. 2024 жылға келсек, шамамен миллиард доллар жергілікті қамтуға жұмсалды, – деп толықтырды компания өкілі.
Қаңтар айында Қашағаннан алғашқы мұнай партиясы Баку портына жіберілген еді.