«Қашаған» кен орнындағы жөндеу жұмысы 7 қазанда басталады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан «Қашаған» кен орнында жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмысы 7 қазанда басталып, 30 күнге созылады.
«Қашаған» кен орнында жөндеу жұмысы басталатыны бір айдан бері айтылып келеді. Қыркүйектің басында Энергетика министрлігі Қашаған мұнай кеніші акционерлерінен жөндеу жұмыстарын кейінге қалдыруды сұрады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
«Жөндеу жұмысын кейінге қалдыру ішкі талқылау кезінде қарастырылған нұсқалардың бірі ғана болды. Бірақ ол қабылданбады. Министрлік Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстары 3 қазаннан бастап кестеге сәйкес жүргізілетінін растайды. Бұл министрліктің аналитикалық агенттіктермен телефон арқылы сөйлесуінде, сондай-ақ өткен аптада ОПЕК Бас хатшысының Астанаға сапары кезінде айтылған. Қазақстан ОПЕК+ шараларына толығымен бейілді болып қала береді. ОПЕК хатшылығына ұсынылған өндірісті ерікті түрде қысқарту және өтемақы жоспарын толығымен орындау үшін барлық шаралар қабылданады», - деп хабарлаған еді министрліктің баспасөз қызметі.
«Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Қашаған 75х45 шақырым аумақты алып жатыр. Кен орнының коллекторы Каспийдің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін министрлік Қашағанда жөндеу жұмысын кейінге қалдыру жөнінде нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеген болатын.
Қазақстан ОПЕК+ алдындағы міндеттемесін орындады.
Сондай-ақ, Каспий теңізіндегі D аралы маңында торнадо болғаны туралы ақпарат тарағанын жазған едік.