«Қашаған» кен орнының нысандарында техникалық жұмыстар басталды

Фото: NCOC компаниясы

АТЫРАУ. KAZINFORM – «Қашаған» кен орнының теңіздегі және құрлықтағы нысандарында техникалық қызмет көрсету басталды. Бұл жұмыс 1 айға созылады. 

Солтүстік Каспий жобасының Операторы – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы теңіздегі және құрлықтағы нысандарда жоспарланған техникалық қызмет көрсету жұмыстарының басталғаны туралы хабарлады.

«NCOC компаниясы 7 қазанда «Қашаған» кен орнының теңіздегі және құрлықтағы нысандарында жоспарланған техникалық қызмет көрсету жұмыстарын бастады. Техникалық қызмет көрсету жұмыстары өндірістік жүйенің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сенімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар мен жобаларды іске асыру мақсатында жүзеге асырылады. Техникалық қызмет көрсету жұмыстары жоспар бойынша бір айға созылады», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

«Қашаған» кен орны соңғы ондаған жыл ішінде ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып саналады. Кен орнының өндірілетін қоры 9-13 млрд баррель мұнай аралығында деп бағаланып отыр. «Қашаған» кен орнынан коммерциялық мұнай өндіру 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Еске сала кетелік, бұған дейін «Қашаған» кен орнындағы жөндеу жұмысы 7 қазанда басталатынын хабарлаған болатынбыз