«Қашаған құрықтаған Қазақстан» кітабы Астана Саммитіне жасалған тарту - Мәжіліс Төрағасы

АНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - «Елордада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті үлкен саяси маңызы бар шара.

Оған көкірегі ояу әрбір азамат өзінің үлесін қосуды армандайды. Ал көрнекті публицист, журналист Сауытбек Абдрахмановтың «Қашаған құрықтаған Қазақстан» кітабы осы Саммитке жасалған шашуы деп білемін», деді бүгін Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов. Бұл туралы ол Президенттік мәдениет орталығында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың жаңа шыққан туындысының таныстырылымында айтты.

«Кез келген кітаптың сапасы оның көлеміне, баспа табағына байланысты емес. Оның сапасы мазмұны мен автордың шеберлігіне, ойының тереңдігіне байланысты. Ал С. Абдрахмановтың шығармаларының кез келгені оқырман жүрегіне жол таба алады. Өйткені Сәкең қаламы қарымды, тақырыбы ауқымды, ойы озық, сөзі өткір, тілі тартымды жазушылардың қатарына жатады. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған шығарма да осындай туындылардың бірі болады деген ойдамын. Мен Сауытбекті адал азамат ретінде, еліміздің көрнекті қайраткері ретінде танимын», - деді Мәжіліс Төрағасы.