Қашаған мен Қарашығанақтағы жергілікті қамту деңгейін арттыру қажет - ИЖТМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қашаған мен Қарашығанақ кен орындары бойынша жергілікті қамту деңгейін арттыру туралы меморандум жасауды ұсынады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Еске салайық, жиында ұлттық компаниялардың және квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындардың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілерді қорғау мәселелері талқыланған болатын.

«Жергілікті қамтуды дамыту мақсатында Өнімді бөлу туралы келісім аясында бірқатар шаралар қарастырылуы керек. Атап айтқанда, бұған ұқсас шаралар «Теңізшевройл» ЖШС-ың келешектегі жергілікті қамтуды кеңейту туралы жоспарында көрініс тапқан болатын. Яғни, дәл осындай жоспарлы жұмыс бағытында мұнайгаз саласындағы ірі жобалар (Норт Каспиан Оперейтинг Компани - Қашаған мен Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В) арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумды бекіту барысында қамтамасыз етілуі керек», - делінген Мәжілісте таратылған ақпаратта.

«Мұндай меморандумда жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі міндеттемелер, қазақстандық мердігерлер мен жеткізушілердің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін ұсыну, қазақстандық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруды ынталандыру, сондай-ақ қазақстандық жұмысшылардың біліктілігін, жұмыспен қамтымдылығын арттыру мәселелері қарастырылуы шарт», - делінген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Бұл ретте министрлік Қазақстан Үкіметі мен «Теңізшевройл» компаниясы арасында 2013 жылы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалғанын, онда жергілікті қамту деңгейін 32 пайыздан 44 пайызға арттыру жөніндегі міндеттемелер қамтылғанын атап өтеді.