Арнайы жүйедегі мәліметке сүйенсек, атқарушылық іс бойынша берешекті өндіру 29 қыркүйек күні қайта басталған. Атқарушылық іс 21 шілде күні қозғалған еді. Кейін 7 қыркүйекте уақытша тоқтатылды.
Әділет министрлігі қомақты қаржыны өндіру процесін тоқтауын NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануына байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратуымен түсіндірді.
Жуықта Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қашаған кен орнының операторы NCOC компаниясының 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп алуға қатысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы талабын қанағаттандырмады. Нақтырақ айтқанда, компания мемлекеттік сот орындаушысының 21 шілдеде атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы шығарған қаулысын, 21 шілдеде жылжымайтын мүлікке және 22 шілдеде көлік құралдарына тыйым салу туралы қаулыларын, сондай-ақ 2026 жылғы 23 және 30 шілдеде белгілі бір әрекеттерді жасауға енгізілген тыйымдарды заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған еді. Алайда сот NCOC-дің барлық талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, Қашаған ірі мұнай жобасына қатысты 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар шамасында) көлеміндегі талапты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы күкіртті шамадан тыс сақтау фактілері бойынша енгізген еді.
Компания айыппұлмен келіспейтінін мәлімдеп, халықаралық төрелік рәсімдерге жүгінсе, Қазақстан тарапы сот шешімі заңды күшіне енгенін және оны орындау міндетті екенін атап өтті.