Қашаған шығынын мердігер компания көтереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашағанның шығыны мердігер компанияның мойнына түседі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.

«Келісім бойынша Қашаған кен орнының іске қосылмағандығы үшін әрбір тоқсан сайын компаниялар 30 млн. доллар ел Үкіметіне төлеп тұрады. Бұл айыппұл сол қалпында тұрады. Оның үстіне қайта жөндеу, құбырларды қайта салу жұмыстарының бәрі Қазақстан мұнайының бағасымен өтелмейді, керісінше мердігерлердің өз мойнына түседі», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Еске сала кетейік, Қашаған кенін игеру барысында газ және мұнай құбырларының қосылған тұсында жарықшақ пайда болып, игеру жұмысы тоқтатылған еді. Министрдің мәліметіне қарағанда, бұл дәнекерлеу технологиясының дұрыс таңдалмауынан немесе оны орындаушылардың технологияны дұрыс атқара алмағандығынан болуы ықтимал. Ал мердігерлердің құбырдың ішкі жағына жасаған диагностикасы мұнай және газ құбыры толығымен ауыстыруды қажет ететіндігін анықтады. Бұл ретте екі құбырды толығымен ауыстыру үшін қосымша 200 шақырымдық құбырлар сатып, оны төсеу жұмыстары атқарылатын болады.