Қашаған, Теңіз, Қарашығанақта мұнай өндіру 102 млн тоннаға дейін ұлғаяды – Әлібек Қуантыров

Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірісі артады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: primeminister.kz

«Экономиканың барлық базалық саласында оң динамика күтіледі. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйвердің біріне айналады. Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызға жетеді. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайыз деңгейінде өседі және тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқыны артады. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірісті кеңейту есебінен мұнай өндіру 95,4-тен 102 млн тоннаға дейін ұлғаяды», - деді Әлібек Қуантыров Мәжілістің жалпы отырысында.

Одан бөлек, Ұлттық экономика министрі ауыл шаруашылығы, инвестиция игеру, ішкі тұтынушылық туралы сөз қозғады.

«Ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі 4,5 пайыз. Инвестицияларды игеру жағдайында құрылыс саласының жоғары өсу қарқыны күтілуде. Нақты сектордағы өндірістің өсуі қызмет көрсету секторының орта есеппен 6,3 пайызға өсуіне ықпал етеді. Ішкі тұтынушылық белсенділік орта есеппен 7,4 пайызға өседі. Көлік саласындағы болжамды өсім орта есеппен 6 пайыз, «ақпарат және байланыс» саласында 7,8 пайыз», - дейді ведомство басшысы.