Қашаған жобасын басқару жүйесінде қайта құру жүріп жатыр - Ұ. Қарабалин

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қашаған жобасын басқару жүйесінде қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.

«Қашаған жобасының қымбаттауына келсек, бұл бірінші жыл орын алып отырған мәселе емес. Жалпы, қымбаттау туралы айтатын болсақ, егер біз 1999 жылдары келісімшарт жасалғанда ондағы жоба да жоспар да сол жылдардың жағдайымен есептелген, қазір жыл сайын қымбаттау орын алып жатыр. Сондықтан да, Қашаған жобасының қымбаттауы осымен байланысты», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Сонымен қатар, министр Қашаған жобасын басқару жүйесінде қайта құру жұмыстарының жүріп жатқанын атап өтті. Өйткені мердігерлердің өзі қолданыстағы жүйенің жеткілікті түрде тиімді болмағанын, оның бірқатар бағыттары қымбатқа соғатынын мойындаған. Сондықтан да, бүгінгі таңда жобаның көптеген шығындарын қысқарту бағытында түбегейлі жұмыстар қолға алынған.

«Қашаған жобасының құбырында жұмысты тоқтатуға қатысты мәселеге келсек, бұнымен мұқият айналысып жүрміз. Жалпы, бізде оның шығу себебін түсінуіміз басқаша болса, мердігерлер одан басқа себепті алға тартады. Соған қатысты құбырларға пайдаланылған материалдар, дәнекерлеу технологиялары бойынша өз тарапымыздан тексерулерді жалғастыратын боламыз. Соның ішінде дәнекерлеу технологиясына қатысты мердігерлерге қоятын шағымымыз баршылық. Ал құбыр материалдарын мердігерлер өздері қайта тексеріп жатыр», - дейді министр.

Тоқтала кететін жайт, Қашағандағы кен орнын игерудің тоқтатылуына қатысты Қазақстан тарапы келіссөздер тобын жасақтаған. Аталмыш топ өткен аптада Лондонда даулы мәселелерге өз уәждерін ұсыну үшін екінші мәрте кездесу өткізген.