Отырыс барысында ҚР Мұнай жәнге газ министрі Ұзақбай Қарабалин бүгінде еліміздің мұнай экспорты жылына 70 млн. тоннадан асатындығын және ол әлемнің 30-дан астам мемлекетіне жеткізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар Ұ. Қарабалин техникалық себептерге байланысты Қашаған жобасы бойынша бұдан кейінгі іс-қимылдар жоспарын даярлау шаралары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Ұңғымалар қалыпты жұмыс істеп жатыр. Жалпы кешеннің қызметі қалыпты. Осындай қиындықтарды алдағы уақытта болдырмас үшін анықталған кемшіліктер тыңғылықты қарастырылуда»,- деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жылдың күзінде Қашаған кен орнында мұнай өндіру басталып, алайда газ құбырындағы апат салдарынан тоқтатылған болатын. Қазақстан Үкіметінің соңғы мәлімдемесіне қарағанда, Қашағаннан кен өндіру 2015 жылдың соңына таман жандануы мүмкін.
Бұдан бөлек министр Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытуда көмірсутек шикізатын тасымалдаудың экспорттық бағдарларын кеңейту, еліміздің өңірлерін газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды кеңейту мен жаңғырту айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Осы орайда министр Қазақстан тарапы конструктивті ұсыныстар мен әлемдік үздік тәжірибені енгізуге барынша ашық екенін қадап айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 15 маусымда Мәскеуде 21-ші бүкіләлемдік мұнай конгресі өз жұмысын бастады. 19 маусымға дейін жалғасатын бұл шараға әлемнің 80 елінен 5000-ға жуық делегаттар жиналды.