Қашағанда коммерциялық мұнай өндіруді жаңғырту 2016 жылдың екінші жартысында жанданады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашағанда коммерциялық мұнай өндіруді жаңғырту 2016 жылдың екінші жартысында жанданады. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Экономика министрі Владимир Школьник айтты.

«Ағымдағы жылы ТеңізШевройл 26,7 млн. тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы ТШО-ны болашақта кеңейту жобасы бойынша шешім қабылданатын болады», - деді министр.

В.Школьниктің атап өтуінше, ТШО-ның кеңейтілген нысандарын іске қосу болжам бойынша 2021 жылға межеленіп отыр. Бұл аталған компанияның алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін 38 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ал құрылыс кезінде 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылады.

«Өткен жылдың желтоқсанында Қашаған жобасы бойынша барлық мәселелерді реттеу жөніндегі келісімге қол қойылды. Қашағанда коммерциялық мұнай өндіруді жаңғырту 2016 жылдың екінші жартысында жанданады», - деді ол.

Сонымен қатар ол өткен жылы Қарашығанақта 11 млн. тонна сұйық көмірсутек өндірілгенін айтты.

«Бұл көлем сақталады. 18 млрд. текше метр газ өндірілді. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес кен орындарын одан ары даытудың тұжырымдамасы әзірленуде. Негізгі мақсаты - пайдаланудың техникалық режімін оңтайландыру және жоба жүзеге асырылатын кезеңде республика пайдасына кірістің жоғары деңгейін сақтау», - деді министр ҚР Президентіне қарата.