Қашағандағы мұнай өндірісін жаңғыртуға кететін шығын мердігерге артылады - Ұзақбай Қарабалин

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісін жаңғыртуға кеткен шығын мердігерге артылады, деп хабарлады ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин.

«Өндірісті жаңғыртуға кеткен барлық шығын, оның ішінде 200 километрлік екі құбырдың ауыстырылуын да мердігер өз мойнына алуы тиіс. Бұл шара мұнайды коммерциялық өндіру үрдісін бұзғанға қатысты Қашаған бойынша Өнімдерді бөлісу туралы келісімде қарастырылған санкцияға сәйкес қолданылады. Егер 2013 жылдың 1 қазанына дейін мердігер коммерциялық өндірісті қамтамасыз етіп үлгермесе, ары қарай жұмыс шығынының орны толтырылмайды. Сондықтан қазір жүргізіліп жатқан жұмыстарға төленбейді», - деді Ұ.Қарабалин.

Еске сала кетейік, Атырау облысы Қашаған кен орнында 2013 жылы күзде басталған мұнай өндірісі уақытша тоқтатылған. Бұған құбырлардың тозуы себеп болған. Алдын ала болжам бойынша, өндіру ісі 2016 жылы жаңғыртылады.