Қашағандағы мұнай шығару 200 мың баррельге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында орналасқан Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі Қашаған кенішінде өндірілген мұнай үш миллион тоннаға жетті.

Қашаған кен орны Қазақстан Республикасының Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегіаумақтық суларында орналасып, шамамен 75 км х 45 км аумақты алып жатыр. Кен орнының барланған геологиялық мұнай қоры шамамен 4,5 миллиард тонна мұнайға бағаланады.

Солтүстік Каспий теңізіндегі қатаң жағдайларда Қашаған алып кен орнын пайдалану әзірлемесі - логистикалық жоспар тұрғысынан алғанда техникалық қиындықтар мен күрделіліктің ерекше жиынтығын танытады. Еңбек қауіпсіздігі саласындағы, жобалаудағы, логистикадағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы күрделіліктер осыны - Қазақстандағы теңізде мұнай өндіру бойынша тұңғыш кең көлемді жобаны - қазіргі кезде әлемде жүзеге асырылып жатқан ірі және аса күрделі өнеркәсіптік жобалардың бірегейі етіп отыр.

Жобаның ауқымы мен техникалық күрделілігін есепке ала отырып, Қашаған кен орнын игеру кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Осы кезде Қашаған кен орнын игеру жобасы 1 кезеңде, Тәжірибелік- өнеркәсіптік әзірлеме деген атаумен белгілі кезеңде тұр. Кен орнын игерудің келесі кезеңдері бойынша тұжырымдамалық әзірлемелер орындалуда.

1997 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы мен халықаралық консорциум арасындағы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісімге (СК ӨБК) қол қойылды. 1998 жылы СК ӨБК-ң ауданы 5 600 шаршы километрді құрайтын учаскеде көмірсутектерді барлау басталды.

СК ӨБК шегінде мына кеніштер ашылды: 2000 жылы ең ауқымды Қашаған кен орны, 2002 жылы Қаламқас-теңіз, 2003 жылы Ақтоты, 2003 жылы Қайран мен Оңтүстік-Батыс Қашаған.

- Былтырғы күзден бас­тап Қашаған кенішінде мұнай өндіру қайта қолға алынғалы бері жұмыс жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Таяуда ғана бұл меже 3 млн тоннаға жетті. Жыл соңына дейін кен орнынан 8 млн тонна мұнай өндіру көзделіп отыр, - дейді қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамы­ның президенті Балтабек Қуандықов.

Кеніштегі мұнай өндіру былтыр қыркүйек айында қайта қолға алынған. Қазіргі уақытта өндіру көлемі тәулігіне 200 мың баррельге жетті. Бірінші миллион тонна мұнай өндіруге қаңтар айында қол жеткізілді. Екінші миллион Наурыз мерекесі қарсаңында тіркелді. Қашағанды игерудің бірінші кезеңінде ілеспе күкірт газын жерасты қыртыстарына қайта құюды бастау көзделген. Бұдан кейін теңіз мұнайын өндіру тәулігіне 370 мың баррель болмақ.

Бір айтарлығы, кен орнын пайдалану кезінің ең жоғары көрсеткіші тәулігіне бір жарым миллион баррель мұнай болады, NCOC компаниясының техникалық директоры Рам Ситхарамның айтуынша, дәл қазіргі уақытта Қашаған мұнай кенішіндегі мұнай шығару тәулігіне шамамен 200 мың баррельге тең. Компания Қашаған мұнай-кен орнындағы мұнай қорын игерудің ең оңтайлы әдісін қалыптастыру бойынша үнемі жұмыс жасап келеді. Сол себепті кеніш мамандары атқарылатын жұмыстарды бірнеше кезеңге бөлуді жоспарлап отырған көрінеді. Бұл кезеңнің барлығы дербес жоба ретінде қарастырылып, оның тиімділігі нақты жүйеленген, инвесторлар шығынының өтем­­ділігі қамтамасыз етіл­ген болуы тиіс. Осындай жобалардың бірі ретінде ыл­ғалды газ сығу қуаттылығын арттыруға инвестиция салудың маңыздылығы зор. Дәл қазіргі уақытта Қашаған мұнай ке­нішіндегі мұнай шығару тәу­лігіне шамамен 200 мың баррельге тең.