Қашағанды игерушілер қоршаған ортаны ластаса, экологиялық айыппұлдар салынады

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Қашағанды игерушілерге қоршаған ортаны ластаған жағдайда, экологиялық айыппұлдар салынады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.

«Қашағанды игерушілер қоршаған ортаны ластаған жағдайда, келісімшартта белгіленген санкциялар мен айыппұлдар салынады. Мұның барлығы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құзырында. Олар мердігермен бірнеше рет кездесулер өткізіп, улы газдың көлемін нақтылады», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Оның айтуынша, нақты сандар айдың соңына қарай белгілі болады. «Бүгінде газ жүйесі бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Олардағы барлық олқылықтардың саны 27-ге жеткен. Қазір мәліметтерді зерттеп-зерделеу жүріп жатыр. Біздің ойымызша, айдың соңына дейін жұмыстар аяқталады. Содан соң мердігер газ құбыры мен жалпы құбырлардың жұмыс жоспарын таныстырады», - деді министр.