«Қашқын» әкеге қандай жаза бар?» - БАҚ-қа шолу
***
«Соңғы он жыл ішінде еліміз жолдарында жол-көлік оқиғалары салдарынан 32 мыңнан астам адам қаза тауып, 166 мыңнан астам адам жарақат алған. Бұл жолдағы нақты тәртіптің жоқтығын білдіреді. Ендеше, қай кезде, қашан көлік жүргізу қауіпсіз болады? Бұл сұраққа, әрине, көптеген адам нақты жауап бере алмайтыны анық. Тіпті оның жауабын білемін дейтін адамның өзі жол жүрудің толыққанды қауіпсіздігіне қол жеткізу амалын енгізу арман екендігін амалсыз мойындайтын шығар. Соны білетін тиісті билік өкілдері жол жүру кемшілігінен талай адам опат болып жатса да одан өздеріне ешқандай жауапкершілік салмағы түспейтініне сенімді секілді. Жолда келе жатқан көлік апатқа ұшырады ма, кісі өлімі болды ма, бәріне кінәлі жүргізушілердің өздері немесе тіпті болмағанда табиғат апаты әсер етті дейді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Жол бойында қайткенде тәртіп орнайды?» деген мақалада. Ал жолдың қандай екендігі, ол жолдың талапқа сай келетін-келмейтіндігі, жол-көлік оқиғасының алдын алуға жол полициясының жауаптылығы назарға алынбайды. Алынса, оған біреу жауап беруге тиіс болар еді.
Осы басылымда «Негізгі шайқастар - алда» атты материал жарық көрді. Астанада шахматтан әйелдер арасында IV әлем чемпионаты басталды. Әлем чемпионаты алдында Дүниежүзі шахмат федерациясының отырысы өтіп, онда Қазақстан шахмат федерациясы ФИДЕ басшылығына 2017 жылы Астанада әлем кубогын, 2018 жылы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасын өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсынысты ФИДЕ тарапы қолдап, біздің еліміздің олимпиаданы лайықты деңгейде өткізуге толық мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжиновтің кездесуінде де шахматты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Қала басшысы Астанада Шахмат орталығын салуға 2 гектар жер телімі бөлінетінін, егер біздің елде 2018 жылы Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасы өткізілетін болса, ол 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесінің инфрақұрылымының негізінде жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын жеткізді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, алиментті парызы емес, қарызы деп санайтын әкелердің жыры әлі де таусылар емес. Елімізде бауыр еті баласының алдындағы парызын өтемей жүрген әкелердің қарызы үдеп барады. Яки «қашқын» әкелер балаларына 3,5 миллиард теңге берешек. Ал жалпы елімізде 100 мыңнан аса бала әкенің материалдық қамқорлығына зәру. Жауапкершіліктен жалтарған бөріктілер болса, ақша төлемеудің түрлі амал-айласын ойластырып та әлек. Әйткенмен алимент төлеуден бас тартатын әкелер қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны аян. Мәселен, өткен жылы 80 мың әкенің тек 128-і ғана заңды түрде сотталды. Бұл мақала «Қашқын» әкеге қандай жаза бар?» деген тақырыппен берілген.
Сондай-ақ осы газетте «Құнды қағаздар сатылады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Биылғы жылы екі бірдей компания «халықтық ІРО-ға» шығарылатын болады! Осындай қызықты жаңалықты кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев хабарлады. Өткен жылы тұңғыш рет «ҚазТрансОйл» акциялары халыққа сатылған болатын. Сонда мемлекет ұлттық компанияның құнды қағаздарының әрқайсысын 725 теңгеден сатқан еді. Кейін ол акциялар бағасы біраз өскен. Енді ел келесі «ай-пи-оны» күтіп отыр.
«Елбасының тапсырмасы бойынша «Халықтық ІРО» бағдарламасы қабылданған. Ол 2012-2015 жылдарға арналған. Өткен жылдың соңында соның бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды деп санаймыз. Оның нәтижелері баршаға мәлім: сұраныс ұсыныстан 2,3 есеге асып түсті. Тек халықтан ғана 22 миллиард теңгеге өтініш түсті» , - дейді Ерболат Досаев.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, осы аптада Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымын экстремистік ағым деп тану және Қазақстан Республикасында оның қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарды. Енді еліміз үшін әлемнің 150 елінде қанатын кеңге жайған, 70-80 миллионға жуық мүшесі бар "Таблиғи Жамағат" ағымы экстремистік ұйым болып есептеледі. «Бірақ та біз осы ағымның немен айналысатынын, өзгелерден қандай айырмашылығы бар екенін білеміз бе? Жоқ. Сол себепті де Үндістанның Кандаһла штатының Саһарнуфур деген жерінде дүниеге келген Мұхаммед Ілияс әл Кандаһлауи (1885-1944) іргетасын қалаған таблиғ жамағатының басты ерекшеліктерін айқындап, ол жолдан бұқараны сақтандыру һәм қоғамдық пікір туғызу мақсатында көзбен көрген жайлар оқырман назарына ұсынылып отыр»,-деп жазады газет. Бұл мақала "Таблиғи Жамағат" ұйымының "басты белгілерін" білесіз бе?» деген тақырыппен басылды.
Аталмыш басылым «Болашақ стипендиясын еңбек өтілі бар адамдарға ғана беру керек» деген пікірмен келісесіз бе?» деген мәселені көтеріп отыр. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасының аясында екі жарым мыңдай қазақстандық студент шет елдерде білім алуда. Және тағы 500-дей адам жуық арада білім қуып, шекара асу үшін кезегін күтіп отырған көрінеді. Айта кетер жайт, соңғы өзгерістерге орай «Болашақ» бағдарламасының жаңа талабы бойынша стипендия иегері атанып, шетелде білім алу үшін ең алдымен жұмыс өтіліңнің болуы міндеттелуде. Ал бұл өзгеріс бүгінгі күні қоғамымызда екіұдай пікір қалыптастырды. Сондықтан осы мәселеге орай мамандар пікірі көпшілік назарына ұсынылып отыр.