***
Орал өңіріндегі марқа қозының етін өңдеу жобасы басталған. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданындағы «Қостүйін» ЖШС-нің директоры Сағынбек Жолбарысхан «Егемен Қазақстан» газетіне жаңа жоба туралы мол ақпарат берген екен. «Бұл жоба 2 миллиард 600 мың теңгеге бағаланған. Осы қомақты қаражаттың 85 пайызы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан бөлінсе, 15 пайызы жоба құрылтайшыларының өз қаражаты болып табылады. Қазір сол қаражаттың қайтарымы қайда? Марқа етін өңдеу жобасы 2013 жылы басталып, 2014 жылдың аяғында аяқталған. 2015 жылдың басында пайдалануға берілген. Содан бері бір жыл жеті ай уақыт өткенін есептеп шығару қиын емес. Әрине, осы мерзім аралығында бірде-бір бас марқа қозының еті өңделмеді десек шындыққа қиянат болар. Қазіргі қолда бар деректер «Батыс Марқа Ламб» іске қосылғаннан кейін 25 тонна қозы етін өңдегенін көрсетеді. Пайыздық көрсеткішке шаққанда бұл мүлдем жоққа тән көрсеткіш екені де анық. Ал биылғы мөлшер төрт мың тонна төрт жүз килограмды құрайды»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі санында жарық көрген «Қашпаған қашардың сары уызы» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ, басылымның хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласының қоғамдық жолаушылар тасымалдаушылары өздерінің автобус парктерін жаңартуды қолға алды. «Бүгінде «Рост» ЖШС 8, «VoSca» ЖШС 4 автобус сатып алды. Қала көшелерінде қызмет көрсетуге дайын тұрған су жаңа көліктерді аймақ басшысы Даниал Ахметов қарап шығып, басталған жұмысқа оң баға берді»,-деп хабарлайды газет. Атап айтқанда, «Рост» ЖШС Семей қаласында шығарылатын «Daewoo» маркалы жалпы сыйымдылығы 60 орындық сегіз автобус сатып алған екен. Бұл жөнінде толығырақ «Автобустар Семейден құрастырылып, Өскеменде жүйткиді» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Казахстанская правда» газеті Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановпен дүбірлі дода алдында экслюзивті сұхбат ұйымдастырған екен. Лондон Олимпиадасына да боксшылар апарған Айтжанов қатарынан екінші Олимпиадаға спортшылар дайындау оңай болмағанын айтып отыр. «Қатарынан екінші цикл бойы боксшыларды бір қалыпта ұстау қиын. Бокстың өзі қарқынды дамып жатыр, қарсыластарымыз да бір орында қарап отырған жоқ. Біз өз орнымызды бермей, керісінше, алға жылжу үшін көп тер төктік»,-дейді М.Айтжанов. «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санындағы «В Рио мы едим побеждать» атты сұхбаттан осы жайлы толық оқи аласыздар.
***
«Экспресс К» газеті психологпен әңгімелесе отырып, әлеуметтік желідегі белсенді адамдардың өміріне зерттеу жүргізген. Психологтың айтуынша, әлеуметтік желіге күнде сурет жүктеп, әр басқан қадамын айтып отырған адамның шын мәнінде өзіне деген сенімділігі жоқ, өзін төмен бағалайтын адам екен. «Адамдар тіпті жеке мұрағатында өзінен басқа ешкімге көрсетпеуге болатын суреттер мен видеолар жүктейді. Ондай суреттерді тіпті қорқынышты түс сияқты ұмытып кеткен дұрыс. Бірақ, оны да ұнатып, «лайк» басатын адамдар табылады. Осылайша, адам желідегі «лайкка» тәуелді бола бастайды»,-деп жазады басылым. Бұл туралы мақала «Сколько «лайков» стоит ваша жизнь?» тақырыбында беріліп отыр.