«Біздің алдымызда орта кәсіби білім беруге екінші сортты білім деп қарайтын қоғамның қатып қалған көзқарасын өзгерту міндеті тұр. Біздің кәсіби білім беру жүйеміз қазақстандық жастарды өмірдің прагматикалық қадамдарына бағдарлауы керек, оларды міндетті түрде білім мен дағдыға ынталандыруы тиіс», деді Сенат Төрағасы конференцияны ашу барысында. Оның айтуынша, дамыған кәсіби білім жұмыссыздықпен күрестегі аса маңызды тиімді шара болып табылады.
«Сондықтан да, филолог, дипломат пен заңгер дипломымен жұмыссыз отырғаннан гөрі техникалық мамандық алып, еңбек нарығында сұранысқа ие болу, қаражат табу маңызды екенін жастар түсінулері керек», деді Сенат Төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықты 30 пайызының ғана кәсіптік білімі бар.
«Ал 32 пайызы жоғары оқу орнын бітірген болса, 38 пайыздан астамы мектептен кейін білімдерін мүлдем жетілдірмеген», - деді спикер Қ. Тоқаев