Кәсіби бухгалтерлікке кандидаттар тапсыратын емтихан саны көбейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіби бухгалтерлікке кандидаттар үш пәннің орнына алты пән бойынша емтихан тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомтсвоның мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық - құқықтық жүйесінде 2 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 1261 бұйрығы жарияланды.

«Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 25 маусымдағы № 290 бұйрығы біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру және оны үздік практикаға сәйкес келтіру мақсатында әзірленді. Осылайша, кәсіби қоғамдастықтың бастамасы бойынша кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін 3 жыл ішінде 120 сағаттан арттыру талабы жылына кемінде 20 (жиырма) сағатқа ауыстырылды», делінген хабарламада.

Министрліктің ақпаратынша, кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттырудан өту кезінде бухгалтерлердің кәсіби ұйымымен өзара іс-қимыл жасайтын ұйымдарға қосылуы алынып тасталды, бұл оларға кәсіби дағдыларын жетілдіру орнын таңдауға мүмкіндік береді.

«Кәсіби бухгалтерлерге кандидаттарды сертификаттауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 25 маусымдағы № 291 бұйрығы біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру және оны «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» заңда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген кәсіби бухгалтерлердің Әдеп кодексіне сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіби бухгалтерлікке кандидаттар үш пәннің орнына алты пән бойынша емтихан тапсырады.

«Қаржылық есеп және халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша есептілік, басқарушылық есеп, қаржы және қаржылық менеджмент, салықтар, құқық (Азаматтық құқық, Банк ісі, сақтандыру және зейнетақы заңнамасы), этика пәндерінен емтихан тапсырады», делінген хабарламада.

Осылайша, кәсіби қоғамдастықтың бастамасы бойынша жоба емтихандарды онлайн режимінде тапсыру мүмкіндігін қарастырады.

Сондай-ақ, ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін комиссия мүшелерінің де, уәкілетті орган өкілінің де іс-әрекеттерін нақтылау бойынша қосымша норма енгізілді.