Кәсіби футболшылардың үштен бірі күйзеліс пен өзге де психологиялық ауыртпалықтан зардап шегеді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Кәсіби футболшылардың үштен бір бөлігінен астамы күйзеліс және өзге де психологиялық ауыртпалықтан зардап шегеді. Бұл туралы сейсенбіде жарияланған Кәсіби футболшылар қауымдастығының халықаралық федерациясының (FIFPro) зерттеуінде жазылды.

FIFPro медициналық қызметінің басшысы Венсан Гуттебарг жетекшілік еткен зерттеу 607 футболшының 38%-ы және 219 бұрынғы ойыншының 35%-ында күйзеліс пен өзге де психологиялық проблемалардың белгілері бар екенін анықтады.

«Бұл зерттеу мүдделі тұлғаларды ақпараттандыруға септесіп, олар аталған мәселелерден зардап шегетіндерге көмектеседі деп үміттенеміз», - деді доктор Гуттебарг.

Сонымен қатар, сауалнама нәтижесі көрсеткендей, үш немесе одан да көп жарақат алған футболшылар психика мәселесін екі-төрт есе көбірек атаған.

Сонымен қатар қазіргі ойыншылардың 23%-ының ұйқысы бұзылғаны, олардың 9%-ы ішімдікті көп ішкені белгілі болды.