Бас прокуратурада өткен салтанатты жиналыста Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев сөз сөйледі.
«Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» және «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен Астана қаласында қоныстанған прокуратура органдары қызметкерлеріне арналған көп қабатты тұрғын үй салынды. Осы аптаның басында 110 пәтердің кілті тапсырылды», деді ол.
Жаңа жылдық мейрамдарды прокуратура қызметкерлерінің отбасылары жаңа пәтерлерде қарсы алады деп күтілуде. Сонымен қатар «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақындады.
Бас прокурордың айтуынша, қадағалау практикасын ескере отырып, мемлекеттік басқару жүйесін, прокуратура органдарын қоса алғандағы сот төрелігін реформалау, сондай-ақ заңдылықтың үстемдігі қағидаларын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірленді және оларды Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия қолдады.
Жыл басынан бері еліміздің құқық қорғау жүйесінің қылмыстық және әкімшілік заңнаманың жаңа моделі шеңберінде жұмыс істеп келе жатқаны атап өтілді.
Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі жаңадан құрылды, онда қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар арыздар мен хабарламалардың барлығы тіркеледі.
«Процессуалдық прокурорлар институты тергеуге прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыруға жағдай жасады. Батыс және Орталық Еуропа елдеріне ерекше назар аудара отырып жүргізілген халықаралық ынтымақтастық саласындағы прокуратура органдарының жұмысы Мемлекет басшысының оң бағасын алды. Тұтастай алғанда кейінгі жылдары біздер 20 халықаралық келісімшарт жасасып, Қазақстанның құқықтық базасын сапалық және сандық жағынан жақсарттық. АҚШ және Ұлыбританиямен жасалған құқықтық көмек туралы шарттар Қазақстанның америкааралық және еуропалық конвенцияларға қосылу рәсімін жылдамдатады», - деді Бас прокурор. А.Дауылбаевтың айтуынша, осы жылы прокуратура бастамасы бойынша 2012 жылға дейін зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің зейнетақыларын қайта есептеудің бұрыннан келе жатқан проблемасын шешуге мүмкіндік туды.