Кәсіби патронаттық отбасын құру жобасы әзірленіп жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрлігі кәсіби патронаттық отбасын құру жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа жоба аясында жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронаттық отбасына беру мүмкін болмақ. Бұл балалардың асырап алушы ата-аналарын тез тауып, үйде бейімделуі үшін қажет.

«Аталған шара Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент атап өткендей, біз азаматтардың білімі, денсаулығы мен әл-ауқатына жауаптымыз. Бүгін елімізде бала асырап алудан бөлек, балаларды отбасына орналастырудың қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, патронаттық отбасы сияқты түрлері бар. Алайда, ауыр дерті және дамуында кейін қалушылық бар сәбилер балалар үйлерінде қалады. Бұл балалардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан, барлық баланы қабылдауға дайын кәсіби патронаттық отбасылар институты құрылады. Қазір Оқу-ағарту министрлігі кәсіби патронаттық отбасыларды заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмысымен айналысып жатыр», - деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Кәсіби патронаттық тәрбиешілерге қойылатын талаптарды, психологиялық дайындық бағдарламасын, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесін және т.б. әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Балаларды кәсіби патронаттық отбасына 3 айға дейін қысқа мерзімге және 3 айдан кәмелетке толғанға дейін ұзақ мерзімге беруге болады деп жоспарланып отыр. Балаларды тәрбиелеуге беру келісім негізінде жүзеге асырылады. Асырап алушы ата-аналар балаларының санына және олардың отбасында болу мерзіміне байланысты өз еңбегі үшін ақы алады.