Кәсіби журналистер белсенді түрде атсалысуы тиіс - Бас редакторлар клубы Президент Жолдауына қатысты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бас редакторлар клубы Президент Жолдауы туралы мәлімдеме жариялап, БАҚ-тағы әріптестеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында көптен бері халықтың ойында жүрген өткір де өзекті мәселелердің дені қамтылған. Әлеуметтік салада бұқараның басым бөлігінің проблемасын нақты шешетін қадамдар жасалды. Қоғам тарапынан айтылып және де жиі талқыланып жүрген сұрақтарға да нақты жауаптар берілді. Мәселен, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді

», - делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің тең жартысын 18-ге толмаған қазақтандықтардың шотына аударып отыру туралы бастаманы Біріккен Араб Әмірліктерінің әлеуметтік бағдарламасына ұқсатады. Айтуларынша, кейінгі отыз жылда Қазақстанда да сондай игілік жасалады деп ойлаудың өзі мүмкін еместей көрінген екен.

«

Бұл – Қазақстан байлығының шын мәніндегі иесі халық екенін, болашағымыз – жастар екенін көрсететін үлкен қадамдардың басы деп бағамдадым. Ендігі мәселе, Ұлттық қордың Норвегия еліндегідей тиімді инвестициялық түсім табуы үшін қаржылық сауатты жұмыс жүргізу. Әйел-аналардың зейнетке шығу жасын төмендету жайы да қоғамда жиі көтеріліп, наразалықтарға себеп болып келе жатқан мәселелердің бірі еді. Олардың зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру да дұрыс болды. Қазіргі кәсіби мамандар жетімсіздігі кезеңінде үлкен бетбұрыстарды бірден жасау оңай еместігін де көпшілік түсінеді. Бұл қадам Мемлекет басшысының халықты алаңдататын маңызды мәселелерге құлақ асып, үнемі назарда ұстайтынының бір дәлелі десе болады. Сондай-ақ, әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмей жатқан жерді арнайы комиссияның қайтарып алуы кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түседі. Сот жүйесіне, қаңтар оқиғасына, салық, мемлекеттік тапсырысқа қатысты тағы басқа үлкен бастамалар Әділетті Қазақстан құрудың негізгі баспалдақтары екені айқын

», - деп топшылайды Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай.

Мәлімдемеде Мемлекет басшысының келер жылы ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырғанына назар аударылады.

«

Алдағы екі жылда жырақтағы ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Мемлекет осылайша, бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік туғызбақ. Бұның өзі Президенттің орталықтардағы ғана емес, елдің әр қиырындағы проблемаларды жақсы білетінін, оларды шешуге тапсырма бере отырып шалғайдағы елді мекен тұрғындарының да игілікке бөленуіне жағдай жасайтынын нақты көрсетеді

», - деп жазылған мәлімдемеде.

Бас редакторлар клубының мүшелері Президент Жолдауларынан пафосқа толы әңгімелер, бітпейтін стратегиялар мен алып уәделер және жоба-жоспарларды естіп үйреніп қалғандарын айтады. «Ал мына Жолдау Президенттің, тіпті әрбір баланың тағдырына қатты алаңдайтынын ашық көрсетті. Сондай-ақ, мәселенің ұсақ-түйек болып бөлінбейтінін, мемлекет барлығын шешу керек екенін нақты ұқтырды», - деген мәлімдеме авторы БАҚ-тағы әріптестеріне үндеу тастайды.

«

Жылдар бойғы құмға сіңген құр насихат жұмысынан арылып, Жолдауды бірлесе іске асыруға қатысты журналистерді де, халықты да шақырып, жұмылдыра алу керек деп ойлаймын. Осы тұрғыда, Бас редакторлар клубы еліміздің барлық БАҚ-тарымен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Жалған ақпараттың дәуірі жүріп жатыр. Ақпарат жасаушы әр адам түрлі медиа арқылы манипуляция жасап, жалған ақпар қаны жерге тамбайтын «тауарға» айналдыратынын талай көріп келеміз. Қазір жаңа медиа мен әлеуметтік желілер қарыштап дамып, таралып, айқайға аттан қосып, жел сөздер көбейіп тұрған кезең. Сондықтан, халыққа түсінікті ой айтып, шындықты дұрыс жеткізу арқылы ақпараттық сауаттылығын арттыру да – біздің негізгі міндетіміз деп ойлаймын. Әрине, осындай тарихи сәтте жолдан қосылған блогерлер немесе өзге ақпарат дайындаушылар емес, нағыз кәсіби журналистер жауапкершілік жүгін сезіне отырып, бұл іске белсенді түрде атсалысуы тиіс. Өлара кезеңде жүргендегідей күйдегі халықтың ертеңге нық сеніммен әрі үкілі үмітпен қарауы көбіне біздің кәсіби деңгейміз бен Отан алдындағы жауапкершілігімізге байланысты екенін ұмытпайық. Сонда біз, әділетті мемлекет қалыптастырып, біртұтас ұлтымыздың берекелі қоғамда жасауына өз үлесімізді қосамыз

», - деп аяқталады Бас редакторлар клубының мәлімдемесі.

Еске салсақ, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады.